Ресей мен Украина тұтқындарды алмастыру туралы жаңа келісімге келді
Фото: aa.com.tr
Ыстамбұлда өткен келіссөздердің нәтижесінде Ресей мен Украина келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Келіссөзден кейін Ресей мен Украина делегацияларының басшылары журналистерге мәлімдеме жасап, кездесудің егжей-тегжейін хабарлады.
Украина делегациясының басшысы Рустем Умеровтың айтуынша, Киев маусым айының соңында Путин, Зеленский және Трамптың қатысуымен кездесу өткізуді ұсынған. Сонымен қатар Ыстамбұлдағы келіссөздер барысында тек тұтқындарды алмасу туралы ғана уағдаластыққа қол жеткізілгенін растады.
“Біз барлық негізгі мәселелер тек мемлекет басшылары деңгейінде шешілуі керек деп санаймыз. Кездесуге АҚШ президентін де тартуға болады. Делегациялар арасындағы әрі қарайғы жұмыс президенттердің кездесуіне дайындық ретінде ғана болады. Біз Ресей тарабына 20-30 маусым аралығында кездесу өткізуді ұсындық”, – деді Умеров.
Оның айтуынша, тараптар ауыр жараланған және ауыр науқас тұтқындарды алмастыруға келіскен.
“Екінші санат – 18 бен 25 жас аралығындағы жас сарбаздар. Сондай-ақ 6000 қаза тапқан жауынгердің мәйітін алмастыруға келістік”, – деді Умеров.
Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский де бұл келісімдерді растады және Ресей тарабы Украинаға екі бөлімнен тұратын меморандум бергенін айтты.
“Бірінші бөлігі — нағыз ұзақ мерзімді бейбітшілікті қалай орнатуға болады. Екінші бөлігі – атысты толық тоқтату үшін қандай қадамдар жасау қажет. Бұл екінші бөлімде тіпті бірнеше нұсқа да қарастырылған”, – деді Мединский журналистерге.
"Интерфакс-Украина" хабарлауынша, Украина бейбітшілік орнату жөніндегі Ресей меморандумын бір апта ішінде қарап, жауабын бермек.
Ресей Украинаға фронттың кейбір аймақтарында 2-3 күнге атысты тоқтатуды ұсынды. Бұл қаза тапқандардың мәйіттерін жинауға мүмкіндік беруге тиіс.
“Украина әскері жақын арада атысты тоқтату бойынша өз ұсынысын дайындайтынын жеткізді”, – деп қосты Мединский.
Сондай-ақ Украина Ресейге 339 баланың тізімін беріп, олардың қайтарылуын талап етті.
Еске салсақ, осыған дейін Ыстамбұлда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі өткенін жазғанбыз.