Ресей Қазақстанға төрт амур жолбарысын беретін болды

Ресей Қазақстанға Қызыл кітапқа енген төрт амур жолбарысын бермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Амур жолбарысы” орталығының бас директоры Сергей Арамилевтің айтуынша, амур жолбарысын елге әкелу жоспары ресми құжатпен бекітілді.
“Жануарларды іріктеу кезінде олардың әртүрлі жыныста болуы ескеріледі. Екінші маңызды талап – денсаулығының жақсы болуы, жарақаттарының болмауы немесе салдарының қалмауы. Сонымен қатар олардың тұяқты жануарларды аулай алуы және адамға қалыпты реакция танытуы маңызды. Осындай даралар іріктелген соң, олар Қазақстанға жеткізіліп, реабилитациялық орталыққа орналастырылады”, – деді Сергей Арамилев.
Оның айтуынша, реабилитациялық орталықта жолбарыстардың Қазақстанда мекендейтін жануарларға қалай аңшылық жасайтыны тексеріледі. Сонымен қатар жыртқыштардың адамға реакциясы да сынақтан өткізіледі. Егер бәрі талапқа сай болса, олар табиғи ортаға жіберіледі.
“Бұл жобаға анасыз қалған жолбарыс күшіктері немесе адамдарға қауіп төндірмеу үшін арнайы ұсталған жас жолбарыстар іріктеліп алынады. Қазір іріктеу жүріп жатыр, төрт жолбарысты бірден жіберу жоспарланып отыр”, – деді маман.
Арамилевтің сөзінше, Қазақстандық мамандар Қиыр Шығысқа барып, жергілікті аңшылық бақылау қызметінің тәжірибесін меңгерген. Жолбарыстарды жеткізген соң алғашқы кезеңде ресейлік тарап шетелдік әріптестерге оқыту семинарларын өткізеді.
“Жоба бірлесіп жүзеге асырылады. Ресейлік мамандар жолбарыстарды табиғатқа жіберу кезеңіне, кейінгі бақылау мен мониторинг барысынаа да қатысады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деп сенеміз”, – деді орталық басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге қажет жағдайлар 2010 жылдан бері жасалып келеді. Осы мақсатта арнайы резерват құрылып, оның аясында реабилитациялық орталық ашылған.
2022 жылы Ресей мен Қазақстан ел аумағында жолбарысты қайта жерсіндіру туралы келісімге қол қойды. 2025 жылдың қарашасында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және оның ресейлік әріптесі Александр Козлов бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды. Бұл жоспар Қазақстанға амур жолбарыстарын әкелуге және оларды бейімдеуге дайындықты қамтиды..
Құжатқа Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің қатысуымен қол қойылған.
Амур жолбарысы – жер бетіндегі ең сирек жыртқыштардың бірі, халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Бұл аңдар Ресейдің Приморье және Хабаровск өлкелерінде, Амур және Еврей автономиялық облыстарында мекендейді. Сарапшылардың бағалауынша, Ресейдегі амур жолбарысының саны шамамен 750 дара.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға Нидерландыдан екі амур жолбарысы әкелінетінін жазған едік.
Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді