Ресей Қазақстанды газдандыру үшін құбыр салады
Ресей Қазақстанды толықтай газдандыру үшін магистральдық құбыр салатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Ресей Федерациясының үкіметі газ құбырын Ресейдің аумақтық жоспарлау схемасына енгізді. Газ құбыры Тюмень облысының аудандары мен ауылдық елді мекендері арқылы өтпек. Сол арқылы Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлеріне газ барады. Газ құбырының қуаты 10 миллиард текше метр, ал компрессорлық станциялардың қуаты 50 МВт болады.
2024 жылдың желтоқсан айының соңында Ресей Федерациясының вице-премьері Александр Новак Ресейден Қазақстан арқылы Қытайға магистральдық газ құбырын салу жобасы іске қосылғанын мәлімдеді. Оның қуаты 45 миллиард текше метр. Оның ішінде 10 миллиард текше метр Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігін газдандыруға, ал 35 миллиард текше метрі газды Қытайға экспорттауға жұмсалады деп болжанып отыр.
Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде Ресей газын Қазақстан арқылы Қытайға экспорттау үшін құбыр тартудың перспективалы және тиімді бағыттарын атады. Ол сондай-ақ Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ жеткізуді ұлғайту жоспарлары туралы да айтты.
2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға толық басып кіруі басталғаннан кейін Газпром экспортты Азия нарығына, атап айтқанда Қытайға бағыттауға мәжбүр болды. Алайда жеткізілімдер көбейсе де, Қытай Еуропадағы ресейлік газ нарығының шығындарын әлі толық өтей алмады.