Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ренжімеймін, керісінше қуанамын” – Ерлерге тән кәсіпті игерген іскер ханым

КМФ

Фотода Саруарт Ноғайбаева

Ауыр құбырлар, үлкен жұмыр темір десе, көз алдымызға ер адамдар елестейтіні анық. Бірақ Саруарт Ноғайбаева бұл таптаурынға қарсы шыққандардың бірі. 25 жылдан бері темір сатып, кәсібін дөңгелетіп отырған кейіпкеріміз бүгінде бірнеше сауда орынын ашқан. Тұрақты сатып алушылары да жетерлік, тіпті “Саруарттың темірі” деп Алматының түкпір-түкпірінен іздеп келетіндер де бар екен. Stan.kz тілшісі Саруарт Ноғайбаевамен тілдесіп, кәсібінің ерекшелігі, құпиясы, жұмысының қызығы мен шыжығы туралы сұрап көрді.

Саруарт Ноғайбаева Алматыдағы “Жібек жолы” базарында құбырлар мен жұмыр темірлер сатады. Базардағы өзге саудагерлер арасында кәсіпкердің тұратын жерін “Саруарттың алаңы” деп атап кеткен. Бұлай деуге де негіз бар: қатарынан орналасқан бес үлкен контейнер Саруарт ханымдікі. 

КМФ

“Бұл кәсіпті 2001 жылы ініммен бірге бастадым. “Екеуіміз бірге бастайық” деп ұсынған соң, кірісіп кеттім. Ол ЗИЛ көлігімен темір жеткізеді, ал мен саудаға жауап бердім. Кейін інім жеке контейнерін алып, бөлек істей бастады, мен жеке шықтым. Ол кездері темірдің тоннасы 25 мың теңге еді. Кейін бұл баға 100 мың теңгеге дейін жетті. Сауда жаныма жақын”, – деп сөзін бастады Саруарт Ноғайбаева.

Кәсіпкердің айтуынша, бастапқыда тек құбыр сатумен айналысқан. Уақыт өте сұраныс артқан соң, темірдің түрлерін көбейтіпті.

КМФ

“Кәсіпті енді бастаған кезім. Бәріміз қатар-қатар отырып, тауарымызды сатамыз. Сонда бір әйел диаметрі 50 мм болатын токарьларға арналған жұмыр темірді сатып жіберді. Мұны көріп мен де жұмыр темір әкелдім. Осылай бірте-бірте толық темір сатуға ауысып кеттім”, – дейді ол. 

КМФ

Саруарт Ноғайбаева – көпбалалы ана, 4 қызын осы кәсібімен асырап, жеткіздім дейді. Бастапқыда есеп-қисапты жүргізуге қыздары көмектескен, ал ауыр темірді көтеруге жәрдем беретін екі көмекшісі бар.

“Көбіне төртбұрышты темірлердің жаңасын ғана сатамыз. Кейде клиенттер үлкен ғимаратты бұзғанда шыққан темірлерді де алып келеді. Оны арзанға алып, қайта сатамыз. Шымкенттік бір жігіт тек диаметрі 70 мм болатын темірлер әкеледі. Ассортиментті көбейткен соң, сатып алушылар да көбейді. Осылай бір контейнерден басталған кәсіп қазір бес контейнерге айналды. Жанымдағы екі көмекшімнің жұмыс істеп жүргеніне 20 жылға жуықтады. Олар темір кеседі, дәнекерлейді, осы базарда да клиенттер табылып жатады”, – деп қосты кәсіпкер.

Саруарт Ноғайбаева ер адамдардың арасында кәсібін дөңгелетіп отыруына мінез бен жақсы қарым-қатынас көмектесті дейді. Осылайша ол “тек ерлердің ісі” деген таптаурынды бұзып, бұл әйелдердің де қолынан келетін шаруа екенін дәлелдеп жүр.

 

“Кейде келген сатып алушылар “Әйелдің темір-терсектің ортасында жүргенін алғаш көруім” деп таңданысын жасырмайды. Бірақ мен бұған ренжімеймін, керісінше қуанамын. Себебі мұндайға шыдай алмайтын ерлер де бар. Бұл кәсіптегі бастысы - жақсы қарым-қатынас. Сондай-ақ мінезді болу керек. Егер клиенттеріңе жақсы қызмет ұсынып, сапалы өнім берсең, олар қайта айналып келеді, туысқаныңдай болып кетеді. Қаладағы токарь мамандарға да материал тауып беремін. Ал олар маған клиент жібереді”, – дейді іскер ханым.

КМФ

Саруарт Ноғайбаеваның айтуынша, осы 25 жылда талай қиындықты еңсерген. Оның ішінде ғаламдық пандемия мен дағдарыс та бар. 

“Кәсіп жүргізген соң оның қиындығына да дайын болу керек. Тауар алуға ақша жетпей қалған кездер болды. Сонда KMF-тен несие алып жіберетінмін. Сол 10 жылдан аса уақыт бойы маған көмектесетін жеке менеджер де бар. Кез келген сұрағыма жауап беріп, мәселемді шешіп келеді. KMF-ті қазір жүрген жерімде мақтап отырамын, іскер таныстарыма ұсынамын, кәсібімнің үлкеюіне қосқан үлесі орасан”, – дейді Саруарт Ноғайбаева.

КМФ

Кәсіпкердің сөзінше, KMF-ке қалай сенсе, клиенттеріне де дәл солай сенеді. Кәсібінің құпиясы да осы дейді.

“Кейбір клиенттер менен тауарды алып, ақшасын 2-3 күннен кейін салып жібереді. Барынша түсіністікпен қарауға тырысамын. Осы 25 жылдың ішінде темірді алып, төлемей кеткендер болмапты. Барлығы ниетіңе қарай ғой… Өзгелерге көмектессең, олар саған көмектеседі. Дегенмен тым сенгіш болуға да болмайды. Егер уақытты кері айналдырып, кәсіпті енді бастаған Саруартпен сөйлесуге мүмкіндік алсам, “барлығына сене берме” деп айтар едім. Қазір қыс болған соң сауда сәл саябырсыды. Күн жылынған соң қайта жанданады. Ал кәсіп бастағысы келетіндерге қорықпай, тәуекелге барыңдар деп кеңес беремін”, – деп сөзін түйіндеді кәсіпкер. 

Банк операцияларын жүргізуге ҚНРДА 25.11.2025 жылы берген № 1.1.121 лицензия

Назархан Уән
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 09:30