"Қазақты таңдаған өздеріңе обал жоқ": Америкалық жігітке тұрмысқа шыққан жамбылдық қыз ұлтаралық неке туралы
Осыдан тоғыз жыл бұрын АҚШ-тың азаматына күйеуге шығып, әйел мен ана бақытын сезінген Раушан Беннетт бүгінгі күні жолдасымен бірге елімізде кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол Stan.kz тілшісіне болашақ жарын қалай кездестіргенін, ұлтаралық некенің несімен ерекшеленетінін айтып берді.
Жамбыл облысында орналасқан Меркі ауылының тумасы Раушан Беннетт көпбалалы қазақ жанұясында дүниеге келген. Өмірден өз орнын тауып, кетігі табылған жерге кірпіштей қалануды кішкентайынан көздеген кейіпкеріміз өткен күндерді есіне алып, шетел азаматымен тұрмыс құру туралы мүлдем ойланбағанын айтады.
Сегіз баланың ішіндегі жалғыз қыз 21 жасында ата-анасының батасын алып, 1996 жылы Алматыға оқуға келеді. Қазақи ортада өскен ару алғашқы кезде орыстанып кеткен қала мәдениетіне үйрене алмай қиналған екен. Дегенмен, ауылдан аспаздықтың оқуын "қызылға" бітіріп, оңтүстік астанадағы технологиялық оқу орнының ақысыз бөліміне түскеннен кейін намысқа тырысып, орыс тілін жаттап алады. Алматыдағы тұрмысқа үйреніп, өмірінің жаңа белесін ашқан студент жеке басындағы көкейтесті мәселелерге назар аудара бастайды. Нақтырақ айтқанда, Жаратушысын танып, дінді тереңірек зерттеуге кіріседі.
"Негізінен дін туралы көптеген сұрақтар 95-нші жылдары туындады. Әке-шешем кеңестік кезеңде өскен адамдар ғой, өздерін туылғаннан мұсылман санады. Ал менде дін болмайтын. Тоқсан алтыншы жылы протестанттық ағымдағы сенушілер тобымен кездестім де, оқуымды тастап, дін жағына бет бұрдым. Қауымда қызмет етіп жүріп, Інжілді оқытатын колледжді тәмамдадым. Гавайда орналасқан діни университетке оқуға тапсырып, сол жерде үш ай практикадан өтіп, үш ай көлемінде лекцияға қатыстым. Алдыма жер бетіндегі адамдарға көмектесемін деген мақсат қойып, практикамен Үндістанға барғанымның арқасында Болливуд елінде өмірлік жарымды кездестірдім. "Дүниені құтқаруға" атсалысып жүргенде жеке өмірге көңіл бөлуге уақыт болмайтын. Бірақ Криспен танысқанда бұрын-сонды болмаған керемет күй кештім. Бойымнан тоқ жүріп өткендей әсер алдым. Содан махаббат деген осындай шығар деп ойладым. Басында аудармашы арқылы сөйлесіп жүрдік, сосын жарты жыл көлемінде Skype арқылы араластық. Осылай некеге тұрып, отбасы болып кеттік ," — дейді Раушан Беннетт.
Отыз бес жасқа келіп, америкалыққа күйеуге шыққан Раушанға жақындары таңырқап, өзге ұлттан емес, қазақтан-ақ жігіт табуға болатынын айтса да, оған әйел бақытын тілеген. Өмірге көзқарасы мен мәдениеті өзгеше екі ұлттың өкілдері үйлену тойын кішігірім ортада алпыс адамға шақтап өткізуді жөн көріпті.
"Бала күнімнен қазақ жігітіне күйеуге тиетінімді білдім": Орыс қызы бешбармақ дайындап, сәлем салғаны туралы айтып берді >>>
"Америкалықтар енді қазақтың дәстүрін білмейді ғой, мәдениетімізден хабары жоқ. Оның үстіне бізде тойдың қамымен ұлдың туысқандары мен жақындары айналысса, оларда үйлену тойды қыз жақ жасайды. Екі жақтың ыңғайына қарай тойды ортақ ақшаға жасайтын болып шештік. Ауылда ұзатуымды өткізіп, қаладағы жора-жолдастарды жинап, 60 адамға фуршет секілді кішігірім той жасадық. Ең жақын деген адамдарымыз келіп, қуанышымызды бөлісті. Бес тілде өткен тойымызда бірнеше ұлт өкілдерін көрген туысқандарым аз-мәз есеңгіреп қалды", — дейді Раушан күліп.
Қазақ халқы қызды жатжұрттық деп танығанымен шетелдікке қимайтын әдеті бар, мұны халық санының аздығымен, өзге ұлт ұрпағын таратады деген қорқынышымен түсіндіреді. Біздің кейіпкеріміз осыдан тоғыз жыл бұрын тұрмысқа шықса да, күйеуі америкалық жігіт болғаны үшін әлі күнге дейін сынның астында қалатынын жасырмады.
"Ақшасы көп болғаны үшін тидің бе?", "Қазақ таппай қалдың ба?" — деп айтқандар жоқ емес, бар. Бастапқы кездері осы сөздері жүрегіме ине қадағандай жанымды ауыртатын. Уақыт өте келе, бұл адамдардың сөзіне мән бермеуді үйрендім. Олардың айтқан сөздері өміріме пайдасын не кесірін тигізбейтінін түсіндім. Танымайтын адамдар өміріме араласа бастағанда, орнына қоя білемін ", — деп жауап берді келіншек.
Ұлтаралық некедегі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы бір ұлтты жанұядағыдан ерекшеленбей тұрмайды екен.
"Ол қала мен ауылда тұратын адамдардың өмір салтындағы айырмашылық сияқты ғой. Бір ортадан шығып, екіншісіне кірген соң, артқа қайтар жол жоқ. Бірақ екі мәдениет қосылғанда адамның жан-дүниесі байып кетеді, өмір салты екі есе үлкейеді. Сондықтан ұлтаралық некенің артықшылығы болмаса, ешқандай кемшілігін көріп жатқан жоқпын. Қазақ жанұяларында үнемі әйелін жұмсайтын азаматтарды көргенде, жұбайларына жаным ашып кетеді. Ауылға барғанда азаннан кешке дейін бар уақытын шай дайындаумен, тамақ әзірлеумен, ыдыс жуумен өткізетін келіншектерге қарап таңғаламын. "Қазақты таңдаған өздеріңе обал жоқ", — деп қалжыңдаймын. Сірә, менің қолымнан олардың тірлігін істеу келе қоймас. Шыдамым жетпес. Қуанышыма орай, күйеуім де, қайын жұртым да: "Келін ретінде жүгіріп жүріп, қызмет ету керексің", — деп мойныма барлық тірлікті асып қойған емес. Енем тамағын да, қажетті жағдайын да өзі жасап алады. Бір рет асүйде тамақ істеп жүргенін видеоға түсіріп, таныстарыма хабарламамен жібердім. "Енем маған еркіндік беріп, өзі ас әзірлеп жүр", — деп жазып едім, құрбыларым бақытты адам екенімді алға тартты.
Әрине, қазақ менталитетін, үйден алған тәрбиені өзгерту қиын. Барлық қазақтың бойында тұйықтық бар секілді. Қазақты жылқы мінезді халық деп өте дұрыс сипаттаған. Біз ішкі толғаныстармен бөлісе бермейміз, өкпеміз болса, өзі ұғып алсын дегендей ешнәрсе айтпаймыз. Барлық реніш жиналғаннан кейін "атыламыз". Мен некеміздің алғашқы жылдары жолдасыма көкейімде қандай ой мазалайтынын, қандай сезімде жүргенімді ашып айта бермейтін едім. Сол кезде ол: "Сөйлесейік, не болғанын айтшы", — деп әңгімеге жиі тарту арқылы ішімдегіні сыртқа шығаруды үйретті" — деп қазақ қызы ағынан жарылды.
Элианна есімді төрт жасар қыздың анасы бала тәрбиесінде әзірге екі ұлттың мәдениетін, дінді араластырмауға тырысады екен.
"Төрт жасар қызымыз жекеменшік балабақшада қазақ, орыс, ағылшын тілінде тәрбиеленіп жатыр. Балабақшада үйреткеннің он пайызын болсын өзім бере алмас едім. Төрт жасында әріптерді айтады, кейбіреуінің қалай жазылатынын біледі. Біз қызымыздың жақсы ортада өскенін, бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіргенін қалаймыз. Бірақ оны тәрбиелегенде ұлттық құндылықтар мен діннің көмегіне жүгінуді әзірге жөн көрмейміз. Бірінші кезекте ол өз ісіне жауап бере алатындай тұлға болып өсуі керек. Мүмкіндігімізше өз сенімімізді түсіндіріп айтамыз. Элианнаға екі жақтың да жақсы қырларын алып, бірінші кезекте адам ретінде тәрбиелеуге тырысамыз", — деді ол.
Раушан Беннетт отбасылық құндылықтардың қатарына қандай жағдай болмасын бірге болуды, бірге жүруді жатқызды.
Автор: Айару Шаймерден
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.