Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рамазан айы басталып, Ұлттық қордан балаларға ақша түседі: Ақпаннан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады?

ақпаннан бастап не өзгередіФото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Ақпан айынан бастап Қазақстанда қарапайым азаматтың қалтасына тікелей әсер ететін бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Әлеуметтік төлемдерден бастап ипотека, балабақша ақысы, жанармай, азық-түлік пен сақтандыру бағасына дейінгі жаңа ережелер мен тарифтер елдегі күнделікті өмір ырғағын өзгертпек. Кей жаңашылдықтар халыққа жеңілдік әкелсе, кейбірі шығынды арттырып, қаржылық жоспарды қайта қарауға мәжбүрлейді. Сонымен қатар айдың соңына қарай мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталмақ. Осы ретте Stan.kz келесі айда қазақстандықтарды қандай нақты өзгерістер күтіп тұрғанын шолып шықты.

Ұлттық қордан балаларға: Ақша қашан түседі?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2025 жылғы “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы аясындағы қаражат балалардың шотына 2026 жылдың 1 ақпанына дейін аударылатынын мәлімдеді. 2008 жылы туған қазақстандықтарға жиналған сома 18 жасқа толған соң ғана және заңда белгіленген мақсаттар үшін қолжетімді болады.

2025 жылы бағдарламаға 6,9 миллионнан астам бала қатысып, бір балаға шаққандағы жинақ 129,38 доллар (65 мың теңге) болды. Екі жыл қатарынан төлем алғандардың шотында орта есеппен 232,94 доллар (117 000 теңге) жиналған.

Фото: pixabay.com

Жанармай бағасы тағы өсе ме?

Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін жанармай бағасына қатысты нақты болжам жасау мүмкін емес екенін айтты. Оның сөзінше, 31 наурызға дейін баға өсіміне тыйым салынған, ал одан кейінгі жағдай нарықтық тетіктерге байланысты қалыптасады.

Министр мораторий енгізілген кезде үкімет бағаның өсуін әкімшілік жолмен уақытша тоқтатқанын атап өтті. Егер мемлекет жанармай нарығына араласудан бас тартса, баға ішкі сұраныс пен ұсынысқа сай өзгереді.

Сонымен қатар Ақкенжанов министрліктің жанармай бағасын жоспарлы түрде көтеруді көздемейтінін жеткізді. Дегенмен ол бағаның күрт қымбаттауына жол берілмейтінін баса айтты.

жанармай бензин pixabayФото: pixabay.com

"Үй кезегінде тұрған азаматтарға қатысты талаптар жұмсарды"

Отбасы банк тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға қатысты талаптарды жұмсартты. Енді кезекте тұрғандар жылжымайтын мүлікте үлесі бар болса да, мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген ипотекаға немесе жалдамалы тұрғын үйге үміткер бола алады.

Бұған дейін тіпті шағын үлесі бар азаматтарға да бас тарту берілетін. Жаңа өзгерістер ақпан айынан бастап күшіне енеді.

Сонымен қатар елде көпқабатты тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігі талаптары күшейтіледі. 1 ақпаннан бастап биіктігі 28 метрден асатын тұрғын үйлерді пайдалануға беру үшін жаңа нормаларға сәйкес арнайы қорытынды талап етіледі. Құжатты азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері тексеріс нәтижесінде береді. Тексеру барысында нысанның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жан-жақты бағаланады.

Отбасы банк ипотеканы өтеу ережесін өзгертті

Қазақстанда зейнетақы жинақтары есебінен ипотеканы өтеу тәртібі өзгереді. Отбасы банк енді біржолғы зейнетақы төлемдерін тек негізгі қарызды өтеуге ғана пайдалануға рұқсат берілетінін хабарлады.

Осы өзгеріске байланысты банк 2026 жылғы 30 қаңтардан бастап бір айға зейнетақы қаражаты арқылы ипотеканы ішінара немесе толық өтеуге өтінім қабылдауды уақытша тоқтатады. Өтінімдер enpf-otbasy.kz платформасында 2 наурызға дейін қабылданбайды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, ипотека бойынша пайыздар мен қосымша төлемдер зейнетақы жинақтары есебінен өтелмейді және қарыз алушының жеке қаражаты арқылы төленуі тиіс. Ал негізгі қарыз ғана зейнетақы артық қаражаты есебінен жабылады.

Банк 30 қаңтарға дейін тапсырылған өтінімдер бұрынғы ережемен қаралатынын атап өтті. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартудың өзге мақсаттарына пайдалану шарттары өзгеріссіз қалады.

Жеңілдетілген ипотека кеңейтілді, бірақ талаптар күшейді

Қазақстанда жеңілдетілген ипотека нарығында өзгерістер күшейіп келеді. Енді мемлекеттік бағдарламалар аясында ипотекалық несие беру құқығы Отбасы банкпен ғана шектелмей, өзге банктерге де берілді. Бұл шешім тұрғын үй нарығындағы жүктемені қайта бөлуді көздейді.

Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға 2026 жылы несие мен ипотека рәсімдеуге асықпауға кеңес берді. Реттеуші орган қарыз алу тәуекелдері артып отырғанын меңзеп отыр.

Бұған қоса, ипотеканы зейнетақы жинақтары есебінен өтеу тәртібі де қатаңдатылды. 2026 жылғы 13 қаңтардағы министрлік бұйрығына сәйкес, енді біржолғы зейнетақы төлемдері тек ипотеканың негізгі қарызын өтеуге ғана пайдаланылмақ. Бұған дейін бұл қаражатқа негізгі қарызбен қатар пайыздық төлемдер де жабылатын. Жаңа ережелер 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл өзгерістер ипотекаға қолжетімділікті қайта қарауға және қарыз алушылардың қаржылық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Фото: pixabay.com

Ақпанда бірінші сынып оқушыларына қосымша каникул беріледі

2026 жылдың ақпан айында бірінші сынып оқушылары үшін қосымша демалыс күндері қарастырылған. Білім беру күнтізбесіне сәйкес, бастауыштың алғашқы сыныбында оқитын балалар 9-15 ақпан аралығында қосымша каникулға шығады.

Мектептер мен балабақшаларда жаңа бақылау тәртібі енгізіледі

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда мектептерде, балабақшаларда, лагерьлерде және балаларға арналған өзге де ұйымдарда жаңа бақылау форматы іске қосылады. Оның негізгі мақсаты – әрбір бала үшін қауіпсіз, дені сау әрі қолайлы орта қалыптастыру.

Жаңа тетік бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Тексерулер Мемлекет басшысы, Үкімет және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмалары аясында жүргізіліп, білім беру ұйымдарының оқу жылына, лагерьлердің жазғы маусымға, ал медициналық мекемелердің эпидемиологиялық жүктемеге дайындығы бағаланады. Алғашқы тексеріс қорытындысы бойынша айыппұл салынбайды. Ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою үшін уақыт беріледі.

оқушы мектепФото: fulledu.ru

Қазақстанда балабақша төлемі қымбаттайды: Қай өңірлерде өсім бар

Қазақстанның бірқатар өңірінде балабақшадағы ата-ана төлемін көтеру жоспарланып отыр. Бағаның өсуі азық-түлік қымбаттауы мен инфляциямен байланысты.

Төлемнің артуы Шымкент, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Маңғыстау облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Қарағанды облысының кейбір аудандарында күтіледі. Өсім көлемі 10-25 пайыз аралығында.

Ал Астана мен Алматы бастаған бірқатар өңірде бағаны көтеру әзірге жоспарланбаған. Әлеуметтік осал отбасылар үшін шығындар мемлекет есебінен өтеледі.

Ақпаннан бастап өрт қауіпсіздігі талаптары күшейтіледі

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап азаматтық қорғау саласында өрт қауіпсіздігіне қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді. Енді кез келген нысанды пайдалануға берер алдында оның өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкестігі туралы арнайы қорытынды алу міндеттеледі.

Жауапкершілік құрылыс тапсырыс берушіге жүктеледі. Жаңа талаптар адамдар жаппай жиналатын нысандарға, сондай-ақ биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға, оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерге де қолданылады.

Фото: centrfenix.ru

Қазақстанда 2026 жылғы Рамазан айының басталу күні белгілі болды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылы қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталатынын ресми түрде бекітті. Қадыр түні 16-17 наурызға сәйкес келеді.

Ораза айт мерекесі 20 наурызда аталып өтсе, Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді. Діни басқарма хижра айларының басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының деректеріне негізделетінін атап өтті. Осыған байланысты айдың тууына қарай діни мерекелердің нақты күні бір күн алға немесе кейін шегерілуі мүмкін екені ескертілді.

Рамазан – мұсылман күнтізбесіндегі ең маңызды айлардың бірі. Ал Құрбан айт қажылықтың аяқталуын білдіретін, мұсылмандар үшін ең ұлық мерекелердің қатарында.

рамазанФото: Мүфтият

2026 жылы салық режимін таңдауда қателеспеу маңызды

Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соған сәйкес арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Енді кәсіпкерлер үшін мынадай үш арнайы салық режимі ғана қолданылады:

  • өзін өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим;
  • оңайлатылған декларация негізіндегі режим;
  • шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, оңайлатылған декларацияны таңдауды жоспарлаған кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін міндетті түрде салық режимін таңдау туралы хабарлама беруі тиіс. Бұл талап орындалмаса, кәсіпкер автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу тәртібіне көшіріледі.

Ал бұрын патентпен немесе мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген азаматтар 1 наурыздан кейін жеке кәсіпкер ретінде автоматты түрде есептен шығарылады. Олар өзге режимді таңдамаған жағдайда өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатына өтеді.

Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнайы режимге көшу автоматты түрде жүзеге асады, бұл санатқа хабарлама тапсыру талап етілмейді.

Фото: pexels.com

Қазақстан Қысқы Олимпиада-2026 ойындарына қатысады

2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындары әлемдік спорттың басты додасы болмақ. Төрт жылда бір өтетін бұл жарысқа 93 елден 3 500-ден астам спортшы қатысады.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде қысқы Олимпиадаға тоғызыншы рет қатысады. Италиядағы ойындарда ұлттық құрама сапында 36 спортшы өнер көрсетеді: 18 ер, 18 әйел. Өңірлер бойынша көш басында Алматы қаласы. Оңтүстік астанадан 7 спортшы 5 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Ақмола облысы 6 спортшымен екінші орында. Алдыңғы үштікті Шығыс Қазақстан облысы, сондай-ақ Астана мен Шымкент толықтырды:

  • Шығыс Қазақстан облысы 4 спортшы, 1 спорт түрі;
  • Шымкент 4 спортшы, 1 спорт түрі;
  • Астана 4 спортшы, 3 спорт түрі.

Қалған өңірлердің үлесі төмендегідей:

  • Павлодар облысы 3 спортшы, 3 спорт түрі;
  • Алматы облысы 3 спортшы, 1 спорт түрі;
  • Қостанай облысы 2 спортшы, 1 спорт түрі;
  • Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстары әрқайсысынан 1 спортшы, 1 спорт түрі.

Қазақстан құрамасы Италиядағы додада ел намысын осылайша жан-жақты географиямен және тең гендерлік құраммен қорғайды.

Автосақтандыру арзандайды, бірақ бәріне бірдей емес

2026 жылдан бастап Қазақстанда міндетті автосақтандыру құны алғаш рет сақтандыру шартын жасайтын жүргізушілер үшін төмендейді. Бұл "бонус-малус" жүйесіндегі коэффициенттердің қайта қаралуына байланысты жүзеге асады. Жеңілдік автокөлік пен мотокөлік иелеріне де қолданылады.

Алайда бұрыннан сақтандыру тарихы бар жүргізушілер үшін полис бағасы бұрынғыша жол-көлік оқиғалары мен сақтандыру төлемдерінің санына тәуелді болады. Сонымен қатар жаңа ережелер сақтандыру компанияларының жауапкершілігін күшейтеді: деректердің дұрыстығына қатаң талап қойылып, полистерді рәсімдеу тәртібі нақтыланады.

Жаңа нормалардың бір бөлігі қаңтардан бастап қолданысқа енсе, техникалық талаптар 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енеді.

Фото: visitukraine.today

Қазақстан азаматтығын алатындарға емтихан болады

Ақпанда Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлерге арналған емтиханға өтініш қабылдау басталады. Өтініштер 3-10 ақпан аралығында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы қабылданады.

Емтихан 11 ақпанда өтеді және үш бөлімнен тұрады:

  • Қазақ тілі – 30 сұрақ, өту балы – 15;
  • Қазақстан Республикасының Конституциясының негіздері – 40 сұрақ, өту балы – 20;
  • Қазақстан тарихы – 30 сұрақ, өту балы – 15.

Азаматтық алуды көздеген әрбір үміткер осы талаптарға сай дайын болуға тиіс.

Ресейден келетін өнімдер қымбаттайды

1 ақпаннан бастап Қазақстанда Ресейден импортталатын бірқатар азық-түлік түрлерінің бағасы өсуі мүмкін. Қаржы сарапшылары ең алдымен жылыжай өнімдері, соның ішінде қияр мен қызанақ қымбаттайды деп отыр.

Олардың бағасы кемінде 20 пайызға өсуі ықтимал. Бағаның көтерілуіне қысқы электр энергиясы тарифтері мен Ресейдегі қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің 20%-дан 22%-ға өсуі әсер етіп отыр. Сонымен қатар көрші елден келетін алкоголь мен темекі өнімдері акциздердің жоспарлы өсуіне байланысты 25-30 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін.

Фото: mriyalife.ru

Мотор майы қымбаттауы мүмкін

2026 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда мотор майларына міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Жаңа талапқа сәйкес, өндірушілер, импорттаушылар және сатушылар қадағалау жүйесіне тіркеліп, әрбір канистраға бірегей QR-код жапсыруға міндеттеледі. Бұл шара нарықтағы контрафактімен күресуге бағытталған. Сарапшылардың бағалауынша, жалған майдың үлесі бүгінде айтарлықтай жоғары.

Алайда жаңашылдық бағаның өсуіне де әсер етуі мүмкін. Таңбалау жүргізушілер үшін бір жағынан тиімді. Таза майды телефон арқылы тексеруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар ол мотор майының құны 5-10%-ға дейін қымбаттауы ықтимал екенін ескертеді. Мұндай жағдай бұрын темекі мен дәрі-дәрмек нарығында да болған.

Осылайша, цифрлық бақылау май сапасына сенімді арттырғанымен, жүргізушілерге қосымша шығын әкелуі мүмкін.

Фото: motorsoil.com.ua

Ақпаннан бастап не қымбаттайды?

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда сыра мен сыра өнімдерінің бағасы өсуі мүмкін. Бұған алкоголь өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалаудың енгізілуі себеп болып отыр. Нарық өкілдерінің айтуынша, өндіріс шығындары қазірдің өзінде 8–12 пайызға артқан.

Қазақстан сыра қайнатушылар одағының бағалауынша, таңбалау толық іске қосылған жағдайда жекелеген өнімдер бойынша баға 20 пайызға дейін өсуі ықтимал. Бұл бүгінде 550 теңге шамасында тұрған сыраның 650 теңгеге дейін қымбаттауына әкелуі мүмкін. Сарапшылар атап өткендей, инвестициялық шығындар мен реттеу талаптары күшейгенімен, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі бағаның шексіз өсуіне мүмкіндік бермейді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 31 Қаңтар, 2026 12:00