Қазақстандық ер адам қоғамдық әжетхананың ішін қиратып кеткен

Шымкентте ер адам жаңадан салынған әжетхананың жабдығын бүлдіріп кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі OTYRAR порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бейнебақылау камераларынан ер адамның әжетханаға кіргені үшін ақы төлеп, кейін кабинаның әйнегі күңгірттенгенін көруге болады. Ал шыққан кезде ішіндегі сәндік үшін өсімдіктің жерде бүлініп жатқаны анық көрінеді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Болған жағдайға қатысты "Мирас Тазалық" жобасы пікір білдірді. Ер адамның ұстамасы бары белгілі болды.
“Жігіттің эпилепсиялық ұстамаларға байланысты медициналық ерекшеліктері бар және қолда бар мәліметке сәйкес, оқиға кезінде ол бағдарын жоғалтқан болуы мүмкін. Біз мұндай жағдайларға түсіністікпен қараймыз. Сондай-ақ аталған азаматтың өкілдері байланысқа шығып, келтірілген шығынды толық өтеуге дайын екенін айтты”, – деп мәлімдеді "Мирас Тазалық" жобасы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – жазалау емес, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындар үшін қолайлы орта құру.
Заманауи қоғамдық әжетханалар жобасын Мирас университеті мен Шымкент қаласының әкімдігі бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Жоба қаланың жайлы әрі заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ қала тұрғындарын мұндай жағдайда жедел түрде тиісті қызметке хабарлауға шақырады.