Қазақстанда Абай есімді қанша әйел бары анықталды
10 тамызда Қазақстанда Абай күні аталып өтеді. Осыған орай Ұлттық статистика бюросы ұлы ақынның есіміне қатысты қызықты деректерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда Абай есімді 18 961 адам тұрады.
Астанада Абай есімді 2 186 азамат тұрады. Одан кейін Түркістан облысы тұр – 2 008 адам. Алматыда бұл есімді иеленген 1 740 тұрғын бар.
Елдегі Абай есімді ең жасы үлкен азамат 1932 жылы туған.
Ал Абай есімділердің ең көбі 30 бен 34 жас аралығында. Бұл жас санатында 3 267 адам бар.
Абай есімі сәбилерге әлі де жиі қойылады
Ұлы ақынның есімі жаңа туған балаларға да қойылып келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында 91 сәбиге Абай есімі берілген.

Абай негізінен ер балаға қойылатын есім болғанымен, Қазақстанда Абай есімді тоғыз әйел бар.
Абай атындағы 26 ауыл бар
Ақынның есімі ел картасынан да кең орын алған. Қазақстанда Абай атындағы бір облыс, бір қала, үш аудан және 26 ауыл бар.
Сонымен қатар елде Ибраһим есімді 37 844 адам тұрады. Бұл дерекке Ибрагим және Ибрахим нұсқалары да енгізілген.
Айта кетейік, 10 тамыз – Абай күні. Биыл қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы ақын, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толды.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандастарды Абай күнімен құттықтағаны хабарланған еді.
“Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің "Толық адам" идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым”, – деп жазды Ақорда.
Биыл Абай күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
Хлор мен уксусты араластырып ыдыс жуған қазақстандық әйел ауруханадан бір-ақ шықты