Qarmet кеншілерін бопсалап, ҚТЖ-ны тонаған қылмыстық топтың 8 мүшесі ұсталды
Қарағанды облысының полицейлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлері Qarmet АҚ-ның жұмысшылары мен Абай қаласы тұрғындарын бопсалаған қылмыстық топты құрықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Былтыр 11 желтоқсан күні Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Qarmet кеншілерінен қорқыту, моральдық және физикалық қысым көрсету арқылы ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстаған еді. Сол кезде қылмыстық топтың 7 мүшесі қамауға алынды. Бірнеше қылмыстық істі тергеу барысында ұсталғандарға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық жасау және қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
“Қарағанды облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, Qarmet АҚ-ның жұмыскерлерімен Абай қаласы тұрғындарын бопсалаған қылмыстық топты құрықтаудың екінші кезеңін өткізді", – деп мәлімдеді ІІМ-нің баспасөз қызметі.
Бұл жолы тергеу барысында жалпы құны 55 миллион теңгеден астам өзге де бопсалау деректері анықталды.
“Олардың “Қазақстан Темір Жолы” АҚ-ның объектілерінен тауар-материал ұрлау дерегіне қатысы бары белгілі болды. Биыл 13 ақпанда полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің жедел уәкілдері жоғарыда аталған қылмыстарға қатысы бар тағы да 8 адамды ұстады”, – делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері 25 тінту жұмысын жүргізіп, тіркелмеген атыс және суық қару, оқ-дәрілер және діни кітаптар тәркіледі. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Аталған дерек Ішкі істер министрлігінің бақылауында болмақ.
Бұған дейін Атырауда 13 жастағы жасөспірімге қатарласы әлімжеттік жасағаны турады жазған едік.