Путин Трампқа Украинадан Донбасты алу жоспары барын айтқан, ал Зеленский не дейді
Фото: president.gov.ua
16 қазанда Дональд Трамп пен Ресей президенті телефон арқылы сөйлесті. Сол кезде Владимир Путин соғысты тоқтату үшін Киевтен Донецк облысынан толықтай бас тартуды талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Washington Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сондай-ақ Путин әңгіме барысында Ресей әлі басып алмаған Запорожье мен Херсон облыстарынан бас тартуға дайын екенін мәлімдеген. Ресей президентінің осы талабынан соң АҚ үй келіссөзде ілгерілеу бар деп бағалаған. Алайда Украина тарапының мұны дәл солай қабылдай қоюы екіталай.
Шенеуніктердің айтуынша, Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф жұма күнгі кездесуде украин делегациясына Донецк облысын Ресейге беру керегін айтқан. Ол бұл өңірдің негізінен орыс тілді екенін жеткізген.
Сонымен қатар, Дональд Трамптың өзі Путиннің талаптарын жария түрде түсіндірмеген. Ал Зеленскиймен кездесуден кейін ол екі тарапқа да: "соғыс қай кезеңде тұрса, сол жерден тоқтауы керек", – деп айтқан.
Трамп пен Зеленскийдің кездесуі қалай өтті?
17 қазанда Вашингтонда АҚШ пен Украина президенттері Дональд Трамп пен Владимир Зеленский кездесті. Шетелдік Axios басылымының мәліметінше, Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің кездесуі "оңай болмады", кей сәттерде "эмоциялық сипат алды".
Ал CNN мәліметінше, екі президенттің әңгімесі "шиеленісті, ашық және ыңғайсыз жағдайда өтті". Келіссөздерден кейін Зеленский Ақ үй аумағынан тыс жерде, яғни қоршаудың сыртында баспасөз конференциясын өткізген. Украин басшысы 2,5 сағатқа созылған кездесу нәтижелерін айтқан. Ол сөзін украин тілінде бастап, кейін тез арада ағылшын тіліне ауысқан.
"Кешіріңіздер... Мен АҚШ-та екенімді ұмытып кеттім", – деп айтқан ол.
Фото: president.gov.ua
Сонымен қатар, ол Трамптың "тараптар қазір қай жерде тұрса, сол жерде тоқтауы керек" деген ұсынысымен келісетінін жеткізді.
Axios дереккөзіне сүйенсек, Трамп пен Зеленский арасындағы кездесу "ауыр өтті".
"Ешкім дауыс көтерген жоқ, бірақ Трамп өзін қатал ұстады. Ол бірнеше өткір мәлімдеме жасады, кей тұстарда эмоцияға берілді", – делінген хабарламада.
АҚШ президенті Путин мен Зеленскийдің келіссөзіне қатысудан бас тартты
Зеленский Трамптан ұзақ қашықтыққа ұшатын Tomahawk зымырандарын беруді талап еткен. Бірақ Трамп қарсылық танытып, Киевке әзірге алысқа ұшатын зымыран берілмейтінін айтқан.
Ақ үй басшысы қазір екі ел арасындағы соғысты тоқтатуға тырысып жүргенін, "Tomahawk" зымыранын беру жағдайды одан әрі өршітетінін жеткізген. Кездесуден соң Трамп журналстерге сұхбат берместен тікұшақпен Флоридаға ұшып кеткен. Кейін ол Truth Social желісінде бұл әңгімені "өте қызықты және достық рухта өтті" деп сипаттады. Сонымен қатар, Ресей мен Украинаны соғысты тоқтатуға шақырды:
"Шекаралар соғыс пен ерлік арқылы анықталады. Десе де ол дәл қазір тұрған жерінде тоқтауы тиіс. Екі жақ та өздерін жеңімпаз деп жарияласын, ал шешімді тарих айтсын!" – деп жазды Трамп.
Кейінірек ол осыған ұқсас пікірді америкалық телеарналарға да айтты.
Зеленский Telegram-арнасында Трамппен Украинаның майдандағы жағдайын, алысқа ұшатын қарулар мен әуе қорғанысы жүйесін, дипломатиялық мүмкіндіктерді талқылағанын жазды. Оның пікірінше, соғысты тоқтату үшін Вашингтон Мәскеуге қысым жасауы тиіс.
Трамппен кездесуден кейін Зеленский бірден Еуропа елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлескен. Ол Ұлыбритания, Германия, Италия, Финляндия, Норвегия, Польша елдерінің көшбасшыларына Трамппен кездесудің нәтижесін баяндаған. Еуропалық көшбасшылар Трамп ұстанымындағы өзгеріске таңғалған. Соған қарамастан, олар Украинаны қолдауды жалғастыратынын айтқан.
Айта кетейік, бұған дейін Биыл 16 тамызда Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында Аляскада келіссөз өткен еді. Дегенмен бұл кездесу нәтижесіз аяқталған. Енді олар екінші рет Будапештте кездеспек.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
