Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Путин саясатына қарсы шығып, Ресейден қашып кеткен жасөспірім Қазақстанда қалатын болды

Фото: Halyqstan Telegram-арнасы

Оралда Ресейден Қазақстанға қашып келген 16 жастағы Тимур Турковтың ісі бойынша сот шешімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айта кетейік, өткен жылдың қыркүйегінде жасөспірім Мурманск облысынан автостоппен Қазақстанға жетіп, босқын мәртебесін сұрауды жоспарлаған. Бала өзін пацифист ретінде таныстырған. Сосын ол өзін 18 жасқа толғанда Украинамен соғысқа жіберуі мүмкін деп қауіптенетінін жеткізген. Бала кәмелет жасына толмағандықтан, қамқоршысыз шекараны заңды түрде кесіп өтуі мүмкін болмаған. Сондықтан шекараны өзі заңсыз кесіп өтіп, бірден шекара қызметкерлеріне барған.

Желтоқсан айында бірінші инстанция сотының шешімімен ол шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танылды. Оған алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Қазақстаннан шығарып жіберу және елге бес жыл бойы кіруге тыйым салу туралы шешім қабылданған.

Қорғау тарапы бұл үкімге апелляциялық шағым түсірді. Сонымен қатар қадағалаушы орган да өз өтінішін қарауға ұсынған.

Орал қаласының прокуроры Изимов жасалған әрекеттің құқықтық саралануын және кінә деңгейін дауламастан, жасөспірімді елден шығару туралы шешімді жоюды сұрады. Оның айтуынша, мұндай шара кәмелет жасына толмағандарға қолданылмайды.

Сот үкімін жариялау онлайн форматта өтті. Сот отырысына Тимурдың өзі қатыспады. Процеске оның қорғаушысы Айгүл Орынбекова қатысты. Адвокаттың айтуынша, сот жасөспірімнің кінәсін мойындау туралы шешімді күшінде қалдырған. Алайда жаза бөлігі бойынша прокуратураның наразылығын толық қанағаттандырған. Бұл жасөспірім Қазақстаннан шығарылмайды дегенді білдіреді.

Айгүл Орынбек бұл шешімді өзінің қорғауындағы жасөспірім үшін қолайлы жағдай деп есептейді. Тимур Турков Қазақстанда қалып, босқын мәртебесін алу үшін заңды жолмен өтініш беруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейлік жасөспірім Путин саясатына қарсы болып, Қазақстанға қашып кеткені туралы жазған едік. Алғашқы сот отырысында оның өзі еліне депортацияланатыны айтылған. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 17:40