"Келісім жоқ": Путин мен Трамптың кездесуі аяқталды
Фото: Reuters.com
Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында Аляскада өткен келіссөздері аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесу 2 сағат 45 минутқа созылды. Келіссөздер шағын құрамда, “үшке үш” форматында өтті. Кездесуге екі президенттен бөлек АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф, Ресей тарапынан сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков қатысты.
Келіссөз нәтижесі бойынша Путин мен Трамп баспасөз мәслихатын өткізді.
Путин өзін Аляскаға шақырғаны үшін Трампқа алғыс айтып, АҚШ пен Ресей ортақ тарихы бар жақын көрші екенін еске салды.
"Біздің елдеріміз шын мәнінде – жақын көршілер. Ұшақтан түскен сәтте мен: "Қайырлы күн, қадірлі көршім, сізді аман-есен, деніңіз сау күйде көргеніме өте қуаныштымын" деп айттым", – деді Ресей президенті.
Путин Украиндағы жағдайды реттеу үшін алдымен қақтығысқа себеп болған мәселелерді шешу керегін қайталады.
"Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі Украина төңірегіндегі жағдай болды. Біз әрдайым украин халқын бауырлас халық деп санадық. Дағдарыстың тұрақты шешілуі үшін қақтығыстың түпкі себептерін жою қажет", – деді Путин.
Сондай-ақ Путин Ресейдің Украинадағы қақтығысты аяқтауға толықтай мүдделі екенін екенін атап өтті.
Келіссөздердің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Трамп тараптар келісімге келмегенін мәлімдеп, "толық түсіністікке" қол жеткізе алмағандарын атап өтті.
Трамп саммит нәтижесін Зеленскиймен, НАТО-дағы одақстары және еуропалық әріптестерімен талқылауы қажет екенін атап өтті.
Соған қарамастан Трамп келіссөздер жемісті өткенін, Путинмен өзара жақсы қарым-қатынас орнағанын және Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты байланыс жалғасатынын мәлімдеді.
Баспасөз мәслихатының соңында Трамп: "Путин мырза, сізбен жақын арада тағы кездесемін деп үміттенемін" деді, ал Путин "Next time in Moscow" ("Келесі жолы Мәскеуде") деп жауап берді.
Президенттер журналистердің сұрақтарына жауап бермей, залдан шығып кетті.
Еске салсақ, Украина президенті Трамп пен Путиннің кездесуі алдында мәлімдеме жасап, “соғысты аяқтайтын уақыт келгенін” айтқан еді.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
