Путин мен Трамптың Аляскадағы кездесуі басталды
Фото: Reuters
Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Аляскадағы кездесуі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Путин мен Трамп Элмендорф-Ричардсон әскери базасында кездесіп, қол алысты. Артынша олар Трамптың көлігіне отырып, келіссөздер басталатын жерге жол тартты.
Бұған дейін Трамп пен Путин тек аудармашылармен бірге жеке кездеседі деп болжанған еді. Артынша "үшке үш" форматында өтетін болды. Екі ел басшыларына АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф қосылады. Ресей тарапынан келіссөзге Сергей Лавров пен Юрий Ушаков қатысады.
РИА Новости басылымының хабарлауынша, Трамп келесі кездесу Путин мен Зеленский арасында болады деп есептейді. Трамп өзінің басты мақсаты Ресей мен Украина арасында келіссөздер жасауға мүмкіндік жасау екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Трамп кездесу өтетін Анкоридж қаласына Путиннен 20 минут бұрын келген. Алайда екеуі ұшақтан бір уақытта түскен.
Еске салсақ, осыған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Трамп пен Путиннің кездесуінің алдында соғыс аяқталатын уақыт келгенін мәлімдеген еді.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
