Алматыда жол апатына түскен жүргізушілерге психологиялық тест енгізу ұсынылды

Сенатор Марат Қожаев Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне байланысты жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенатор кейінгі уақытта жастардың қатысуымен болған қайғылы жол апаттары жиілеп кеткенін айтты. Оның сөзінше, әсіресе ірі қалаларда агрессивті көлік жүргізу, жылдамдықты шамадан тыс асыру, түнгі жарыстар ұйымдастыру және жол қауіпсіздігі талаптарын елемеу деректері көбейіп отыр.
Марат Қожаев былтыр да жол ережесін бірнеше рет бұзатын жүргізушілерге қатысты шараларды күшейту мәселесі көтерілгені еске салды. Сол кезде Үкімет бір жыл ішінде 10 және одан да көп құқықбұзушылық жасаған адамдарды жол қозғалысы ережелері бойынша білімін қайта тексеруге жіберу, емтихан тапсырғанға дейін көлік жүргізу құқығын уақытша тоқтату, сондай-ақ оларға айыппұл төлеудегі 50 пайыздық жеңілдікті алып тастау жөніндегі бастамаларды қолдаған.
Алайда депутаттар қолданыстағы шаралар жеткіліксіз деп есептейді. Оның пікірінше, кейбір жүргізушілер үшін әкімшілік айыппұл өзінің алдын алу мәнін жоғалтып, жай ғана “қосымша шығынға” айналған. Салдарынан жол ережесін жиі бұзатын адамдар ауыр зардапқа әкелмейінше рөлге отыра береді. Ресми статистикаға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының 90% дейін жүргізушілердің кінәсінен болады, ал негізгі себептердің бірі – жылдамдықты асыру.
Осыған байланысты депутат жылдамдықты бақылау тетіктерін қайта қарауды ұсынды.
“Қазір көбіне көліктің жылдамдығы белгілі бір нүктеде ғана тіркеледі. Жүргізушілер камераға жақындағанда жылдамдықты уақытша төмендетіп, кейін қайтадан асырып, бақылаудан тыс қалады. Осылайша жүргізуші жол ережесін сақтауды емес, бақылау жүйесін айналып өтуді үйренеді”, – деді депутат.
Депутаттар жылдамдықты бүкіл жол учаскесінде бақылауға мүмкіндік беретін орташа жылдамдықты есептеу жүйесін елдімекендерде де енгізу қажет деп санайды.
Елімізде жиі заң бұзатын жүргізушілерге айыппұлға берілетін жеңілдікті алып тастау ұсынылды
Алматы полициясы Әл-Фараби даңғылындағы түнгі жарыстардың көбейгенін мойындады
Бұдан бөлек, олар жол қозғалысының ережелерін жүйелі түрде бұзатындарға қатысты жауапкершілікті кезең-кезеңімен күшейтетін тұтас жүйе қалыптастыруды ұсынды.
“Мұндай модель айыппұлды жеңілдету тетіктерін алып тастау, қайта тексеруден өтпейінше көлік жүргізу құқығын шектеу, қайталанған бұзушылықтар үшін куәліктен ұзақ мерзімге айыру және өрескел, демонстративті қауіпті әрекеттер үшін әкімшілік қамау жазасын қолдануды қарастыруға тиіс”, – деді ол.
Сонымен қатар Марат Қожаев тек жазалау емес, ынталандыру тетіктерін де қарастыру қажет екенін айтты. Ол жол ережесін бұзбайтын жүргізушілер үшін міндетті сақтандыру құнын төмендету, сервистік өнімдер бойынша жеңілдіктер беру және қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыратын өзге де ынталандыру шараларын енгізу ұсынылды.
Бұған қоса, депутат жол ережесін үнемі бұзатын жүргізушілерге көлік басқаруға рұқсат беру мәселесін жаңа тәсілмен бағалауды ұсынды. Яғни мұндай адамдарға тек құқықбұзушылық фактілері бойынша емес, олардың мінез-құлқы мен қауіпсіз жүргізу қабілеті тұрғысынан да қосымша бағалау жүргізілуі мүмкін. Ол үшін психологиялық тестілеу, тәуекелге бейімділікті анықтау және халықаралық тәжірибеде қолданылатын өзге де құралдарды енгізу ұсынылып отыр.
"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды