"Кімнің “қайыршы”, кімнің "әкесіз” екенін көрсетіп қояды": Адвокат балаларды фото мен видеоға түсіретін қайырымдылық қорларына ескерту жасады
Адвокат Жанна Мұхамади балаларды фото мен видеоға түсіріп, желіге салып қоятын қайырымдылық қорларын сынға алды. Ол жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға психологиялық жара салмауды сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Асар-Уме” қайырымдылық қорына қатысты туған даудан кейін адвокат Жанна Мұхамади де өз пікірін білдірді.
“Мен мектепте оқыған жылдары Жаңа жыл қарсаңында сыныпқа мұғалім кіріп, 30 баланың көзінше былай дейтін: "Қайрат, Гауһар, Самат, Әйгерім, аналарың “әкесі жоқ” деген анықтама әкелсін. Ал Лаура мен Әсем, көпбалалы отбасы екені туралы анықтама әкеліңдер. Марат, сенің әкең маскүнем екен, сен де анықтама әкел. Жақын арада күртешелер мен етіктер таратылады, бәріңізді жағдайы нашар отбасылар тізіміне қостық". Бір аптадан кейін барлығына арзан былғарыдан жасалған бірдей күртеше мен етік беріледі. Неге екені белгісіз, олар кімнің әкесі жоқ, кімнің мұқтаж екенін көрсетіп, бәрінің көзінше беретін. Жақсы аяқкиімге ақшалары жетпеген болар, бірақ олар балаларға өмірінің соңына дейін жара салып кетті”, – деді адвокат.
Айтуынша, соның кесірінен мектепте бөліну, бөлектеу пайда болды.
“Оқу жылының басында мұқтаж жандардың тізімін жасап, “кім мұқтаж? Анықтама әкеліңдер! Тегін тамақтанасыз!” дейді. Асханада оларды тамақ қойылған бөлек дастарханға отырғызады. Осылайша бүкіл мектеп кімді “қайыршы”, кімді "әкесіз” деп айтуға болатынын көрсетіп қояды”, – деді Мұхамади.
Ол мектеп бітіргеніне 20 жылға жуық уақыт өтсе де, қайырымдылық әлі осылай жасалады дейді. Желіде жағдайы нашар отбасыны, баланың жылағанын, олардың нашар үйін жарияға жар салып көрсетеді.
"Міне, Қайрат пен Гауһардың отбасы, олардың 5 баласы бар, Қабанбай ауылындағы қираған уақытша лашықта тұрады”, “Қане балалардың бетін үлкен планда көрсетейік, қызы үй тапсырмасын орындап жатыр, ал ұлы жыртық шалбармен пеште ұйықтап жатыр. Видеоға драма қосайық, баланы ұялтайық” дейтіндей”, – деді ол.
Жанна Мұхамади балалардың бетін желіде бұлдыратып беруді сұрады. Ол балалардың болашағын ойлау керек дейді.
“Балалар мектепке барады, олар әлі де бұл қоғамда ұзақ өмір сүреді, оларда таңдау жоқ. Неге біз мұны жай адамгершілікпен жасай алмаймыз? Неліктен мұндай отбасыларды өз бетінше анықтап, көрсетпей-ақ көмектеспеске? Неге әр жаңа жылдың алдында осы балаларға арзан бір қорап кәмпит ұстатып, фотоға түсіру керек? Олардан фотоға түскіңіз келе ме деп сұрадыңыз ба?
Әр жылы 1 қыркүйекте бірдей рюкзакты көмектесу үшін бересіздер ме әлде фотоға түсіру үшін бе?”, – деді Мұхамади.
Ол халыққа есеп желіде фото арқылы емес, Excel бағдарламасында жасалатынын айтты. Сөзінше, мұндай желідегі жария етіп жасалатын қайырымдылықтың кесірінен балалар сөзге қалады, құрдастарының мазағына қалады.
“Балаларды бай-кедей, аз қамтылған, бақытты және бақытсыз деп бөлмейік. Балалар балалық шақтан ләззат алуы керек және оны өмірлеріндегі ең нашар уақыт ретінде есте сақтамауы керек, кейін психологтың кабинетінде айтып отырмауы керек”, – деді адвокат.
Блогер Еркежан Шайхиева да балалардың жылаған видеосын салған қайырымдылық қорын тексеруді талап етті. Қор жұмысын жүргізуге адамдардың эмоциялық күйін пайдалануға наразылық білдіріп, бала құқықтары жөнінде уәкіл Динара Закиеваға жүгінді.
"Динара Закиева, Asarume қоры өз қызметін сату үшін балаларды қалай пайдаланатынына назар аударыңыз. Сондай-ақ балаларды қордың жарнамасына пайдаланады. Балалардың фотоларын/видеосын қолданып жүр. Бұл олардың психикасына кері әсерін тигізеді", – деді блогер Еркежан Шайх.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық белгілі қоғам белсенділері "Асар-Уме" қайырымдылық қорының жұмысына күмән келтірген еді.