Прокурорлар P. Diddy-ді 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Фото:depositphotos.com/ s_bukley
Нью-Йорктегі федералдық прокурорлар Шон Комбсты (P. Diddy) 11 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айыруды сұрады.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі YahooNews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазылар алқасы оны Манн заңының екі бабы бойынша кінәлі деп таныды. Бұл шілде айында шыққан шешім. Заң бойынша ол жыныстық қатынас үшін бір топ адамды өзінің құрбыларымен кездестіру мақсатында сапарлар ұйымдастырған.
Қазір іс мәресіне жетті. Судья үкім шығаруы тиіс. Осыған байланысты тараптар өз ұсыныстарын жасады. Прокуратураның пайымынша, жаза кем дегенде 11 жыл 3 ай болуы тиіс.
"Ол – құрбан емес. Сот оның әрекеттерінің жәбірленушілерге тигізген нақты зардаптарын ескеруі керек", – делінген айыптаушылардың мәлімдемесінде.
Ал адвокаттары судьядан 14 аймен шектелуді сұрады. Олардың айтуынша, Комбс түрмеде отырған бір жыл ішінде "өзгерді", өзін ұстауды үйренді және өзінің бұрынғы әрекеттеріндегі есірткінің рөлін мойындады.
Іс материалдарына жәбірленушілердің хаттары да қосылған.
"19 жасымнан бастап Шон Комбс мені зорлық, қорқыту және мансабымды бақылау арқылы өз жанында ұстады. Әлі күнге дейін қорқынышты түстер көріп, отбасым үшін қорқамын", – деп жазды әнші Кэсси Вентура.
Үкім жұма күні жарияланады. Қазылар алқасы кінәлі деп таныған екі айыптың әрқайсысы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Еске салсақ, 2025 жылдың 5 мамырында АҚШ-та хип-хоп әлеміндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі – Шон Комбсқа (P. Diddy, Puff Daddy немесе жай ғана Дидди) қатысты сот процесі басталған болатын.
Ол отыз жылда продюсер, рэпер және Bad Boy Records лейблының негізін қалаушы ретінде танымал болды.
Комбс Нью-Йоркте жыныстық сауда, адамдарды жезөкшелікпен айналысу үшін тасымалдау және рэкетке қатысу айыптары бойынша тұтқындалды. Бұл айыптар оның соңғы 16 жылдағы қызметін қамтиды және билік өкілдерінің айтуынша, әйелдерді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған элиталық жыныстық кештер – "freak-off" кештерімен байланысты.
Тұтқындалған сәттен бастап Комбс Бруклиндегі Metropolitan Detention Centre түрмесінде отыр. Егер ол адамдарды жыныстық қанау мақсатында тасымалдау, бопсалау үшін сөз байласу және заңсыз қызметке тарту баптары бойынша кінәлі деп танылса, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе ең төмені 15 жыл түрме жазасы берілуі мүмкін.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
