Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Прокурор істі жабуды талап етті": Күйеуі өртеп жіберген алматылық әйел айыпталушылар жазадан құтылып кетеді деп қорқады

Бұрынғы күйеуі өртеп жіберіп, екінші топтағы мүгедек атанған Индира Тергеубаева күйеуін елден шығарудың орнына, өз жұмысына салғырт қарап, осындай жағдайға жеткізген көші-қон полиция қызметкерлерінің жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Алайда айыпталушыларды жазалаудың орнына сот процесі кезінде прокурор істің мерзімі аяқталуына байланысты тоқтатуды талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

“НеМолчи.kz" қорының басшысы Дина Таңсәрі жәбірленуші мен оның адвокаттарының басын қосып, видео байланыс арқылы жиын өткізді. Жиын кезінде Индира Тергеубаева мен оның адвокаты Айнара Айдарханова сот процесінің барысы туралы айтты.

Бірінші болып сөз алған жәбірленуші Индира Тергеубаева сот процесіне ішкиіммен қатысқан көші-қон қызметін басқарған экс-полицей Қайыржан Тоқтыбаевтың үстінен шағым түсіргенін айтты. Оның президентке, бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне жазған хаты жауапсыз қалған. Алайда кадр бөлімі Қайыржан Тоқтыбаевтың лауазымынан босатылғанын мәлімдеді.

Алайда прокурор жарыссөз кезінде өзін таңғалдырды. Айтуынша, мемлекеттік айыптаушы мерзімнің өтіп кетуіне байланысты істі жабуды талап етті.

“Адвокатым прокуратураға мен ауруханада жатқанда, 2022 жылы желтоқсан айында арыз жазды. Бірақ біздің арызымызды тек үшінші ретте 2023 жылы 4 мамырда қабылдады. Ал іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 18 мамырда жіберілді. Сол уақыт ішінде істі екі рет жауып, бір мәрте қайта саралап үлгерді. Енді уақыты өтіп кетті деген желеумен істі жауып тастамақ. Соттың прокурордың талабына қатысты айыптау актісінен шығады деп үміттендім. Алайда маған айыптау актісінен шыға алмайтынымды айтты. Маған пикетке шығуға да рұқсат етпей отыр. Бас прокуратураға “ Не себепті ұзақ уақыт тергелген істі жауып тастағалы жатыр” деп сұрау жолдадым. Бірақ әзірге еш жауап жоқ”, – дейді Индира.

Жәбірленуші көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы Қосшыбаевтың және Боприевті елден шығару ісі тапсырылған көші-қон полициясының қызметкері Ержан Кемалдың жауапқа тартылғанын талап етіп отыр.

“Ержан Кемал сот процесі жүріп жатқанда Түрксіб ауданына ауыстырылды. Қосшыбаев денсаулық жағдайына байланысты зейнетке шықты. Бірақ ол мемлекеттік органда әлі жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Қаскелең шатқалында экопостта жұмыс істейді. Мен мұның бәрін білемін”, – деді жәбірленуші.

Индира Тергеубаева сот процесі кезінде жәбірленушінің мүддесін қорғайтын мемлекеттік айыпталушылардың өз жұмысына салғырт қарайтынын айтып, қапаланды. 

“Сот басталды, прокурор айыптау актісін оқыды, сонымен бітті. Сұрақтардың бәрін менің қорғаушыларым қойып, прокурордың орнына жұмыс істеді. Оған сотта не болып жатқаны қызық емес. Сотқа келеді де көбіне телефон қарап отырады. Біраздан соң оны тағы бір прокурор ауыстырды. Ол да келіп, есінеп, уақыт өткізе алмай кетіп жүр. Енді жарыссөз кезінде істі тоқтату керек деді. Енді тым болмаса сот әділ шешім шығарады деген үміттемін. Заң бойынша, Кемал да, Қосшыбаев та, Әденов те жауапқа тартылуы керек. Әденов Жоғарғы сотты шешімінен кейін ауысып кеткенге дейін Боприевті елден шығарып жібергенде мұндай жағдай болмас еді. Мен мұнда отырмас едім”, – дейді Индира Тергеубаева.

Осы тұста оның қорғаушысы Айнара Айдарханова жәбірленушінің соттан не талап етіп отырғанын тағы да нақтылады. Айтуынша, прокурор айыпталушылардың жеңіл жазамен құтылып кетуіне жағдай жасап отыр.

“Біздің талап көші-қон полициясына қатысты. Нақтырақ айтсақ, ондағы өз жұмысын уақытында орындамаған лауазымды тұлғаларға қатысты. Іс материалдарында оқиға болғанға дейін көші-қон полициясы қызметкерлерінің күдіктіге қатысты ешқандай шара қолданбағаны туралы барлық дәлел бар. Іс алғашында Қылмыстық кодекстің 371-бабы (Салғырттық) бойынша қозғалды. Кейін бұл іс жеңілірек жағдай бойынша қайта сараланды. Мұндай жағдайда айыпталушылар бас бостандығынан шектелумен немесе айыппұлпен құтылады. Онда бұл іс жеңіл қылмыс болып саналады. Осылайша прокурор оқиға кезінде бір адамның көз жұмағынына, жәбірленуші Индираның денсаулығына ауыр зиян келгеніне және үлкен шығынға қарамастан мерзімі өтіп кеткендіктен істі тоқтатуды талап етті. Десе де ол айыпталушыларды кінәлі деп табуды сұрады”, – деді Айнара Айдарханова.

Адвокат Индира Тергеубаеваға жеке пикетке шығуға рұқсат етілмей отырғанын айтты. Оның сөзінше, заңда әр адам қолына плакат ұстап, өз талабын айтып пикетке шығуға құқылы. Бірақ еш сауал туындамас үшін жәбірленуші әкімдікке пикетке шығу туралы сұрау жолдаған. Алайда әкімдік бұған рұқсат етпеді. Енді Индира Тергеубаеваның адвокаттары әкімдікті сотқа беруге ниетті. 

Сондай-ақ егер сот жәбірленушінің пайдасына шешім шығармаған жағдайда адвокаттар аппеляциялық сотқа, Жоғарғы сотқа жүгініп, қайта қарауға жіберетінін айтты. Қазір бұл іс президент әкімшілігінің бақылауында. Дұрысы, соттың жәбірленуші тарапқа құлақ асып, айыпталушыларды соттап, оларға шығынды өтеуді міндеттегені абзал деп санайды қорғаушылар. Сот шешімі әділетсіз болған жағайда өздерінің де қарап қалмайтынын айтты. 

2022 жылы желтоқсанда Индира Тергеубаеваның бұрынғы шетелдік күйеуі жәбюірленуші болған дүкенге барып, өзіне және дүкен ішіне жанармай төгіп, от қойған. Салдарынан ер адам сонда көз жұмды, ал Индира қатты жарылыстан дүкен терезесінен ұшып кетіп, аман қалған. Алайда әйелдің денесі қатты күйіп қалғандықтан ол екінші топтағы мүгедек. 

Негізі Жоғарғы соттың үкімімен Ресей азаматы Боприев елден шығарылуы керек еді. Алайда көші-қон полициясы Боприевті депортацияламаған. Индира осылайша болған жағдайға өз ісіне салғырт қараған көші-қон полиция қызметкерлерін кінәлі деп санайды. 

Еске сала кетейік, Алматыда бұрынғы сүйіктісі әйелге қастандық жасаған еді. Алматылық әйел басынан өткен адам шошырлық оқиғаны айтып берді. 

Талқылау