Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор Алматыда тұрғын үй күзетшісін қатігездікпен өлтірген күдіктіні 24 жылғы соттауды сұрады

Мемлекеттік айыптаушы Алматыдағы “Меркур Тауэрс" элиталық тұрғынүйдің күзетшісін асқан қатігездікпен өлтірген күдіктіні 24 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда марқұмның әйелі бұл жазаға келіспейді. Ол қылмыскерді өмір бойына соттауды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Қайғылы оқиға 2024 жылы 29 наурыз күні болды. Алматыдағы "Меркур Тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Асқар Тастандиев өзінің жол талғамайтын көлігімен қақпаны қиратып, күзетші Нұрбол Қайыпбаевты бірнеше рет басып өтіп, кейін көліктен шығып, ер адамды тепкілеп тастаған. Оқиға бақылау камераларына түсіп қалған. Оқиғадан кейін күдікті 14-қабатқа көтеріліп, терезе алдына отырып, өзіне қол жұмсаймын деп қорқытқан, бірақ полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, қамауға алды.

Алайда 13 қыркүйекте тергеу уақытша тоқтатылды, себебі Тастандиев психиатриялық көмек көрсететін арнайы медициналық мекемеге жатқызылған. Сол кезде қызмыскерді ақыл-есі дұрыс емес деп танып, жазадан құтылып кетуі мүмкін деген сыбыстар тарай бастады. Алайда сараптама 45 жастағы күдіктінің психикалық тұрғыдан сау екенін және сот алдында жауап бере алатынын дәлелдеді. Кейіннен күдіктіге қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды.

Қазір күдіктіге екі айып тағылып отыр. Бірі – қақпадан шығармай қойған күзетшіні асқан қатігездікпен өлтіргені, екіншісі – танысы туралы порнография видеоны жаһанға жариялағаны. Бірақ бұл қылмысы туралы ақпарат жоқтың қасы.

“Үш мәрте көлігімен қағып, күзетшінің аяқ-қолы сынып, жарақаттар алып, жерде жатқанына қарамастан, тіпті көлігінен түсіп алып басына бөтелке жарып, денесінің үстіне шығып секіріп, аса қатігездік көрсеткен. Ең сорақысы, ешқандай өкініш білдіріп тұрған жоқ, сотта да, тергеу кезінде де. Қылмысын асқан қатігездікпен жасағанын, адам өлтіргенін мойындап тұрған жоқ”, – дейді адвокат Асылбек Әбдірайымов.



Ал Нұрбол Қайыпбаевтың әйелі қылмыскерге кешірім бермейтінін айтты.

“Кешіре алмаймын. Бірақ ата-анасы сот уақыты жақындаған кезде кешірім сұрап келді. Маған қазір өте қиын. Балалар әкесін сағынады дегендей, сағынсақ та, келмейді. Мен ол жауызды өмір бойы бас бостандығынан айырса деймін”, – деді Әсем Молдахунова.

Марқұмның артында әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Кенжесі 5 жаста. Жесір қалған жары енді материалдық шығыны мен моральдық зардабын өтесін деген талап қойып отыр.
 

Талқылау