Әл-Бейнені 10 рет пышақтады деп айыпталған күйеуін прокурор 15 жылға соттауды сұрады (видео)
24 қыркүйекте Алматыда күйеуі 10 рет пышақ сұғып өлтірген Әл-Бейне Зарипованың өлімі бойынша сот тергеуі аяқталып, сот жарыссөзі басталды.
Фото: Stan.kz
31 қаңтарда 43 жастағы Әл-Бейне Зарипованың мәйіті үйдің жертөлесінен табылды. Іс-материалдары бойынша, оның 15 жыл некеде болған күйеуі Сабыржан Зарипов оған 10 рет пышақ жарақатын салып, өлтіріп, артынша телефонынан өз шотына 4 миллион 700 мың теңге аударып алған.
Сот қылмысты аса қатігездікпен жасалған адам өлімі деп таныған жоқ
Қазір іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы “Адам өлтіру” және 175-бабы “Ұрлық” бойынша қаралып жатыр.
Сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Айнұр Омарова 99-бап “Адам өлтіруді” 99-баптың 2-тармағы “Аса қатігездікпен қасақана түрде адам өлтіруге” ауыстыруды талап етті. Сөзінше, марқұм өлер алдында қатты қиналып, тән жарақаты мен жан жарақатын сезінді және азапталды. Ол адам бетін тілімдеу аса қатігездік санатына жататынын айтты.
“Зарипов қылмысқа дайындалды. Әл-Бейненің ажырасқысы келгенін түсініп, мүлікті бөлмеу үшін осындай зұлымдыққа барды. Пышағын жертөлеге тығып, Әл-Бейнені сол жаққа апарып, оң қолымен 180 мм асүй пышағын алып, 10 рет сұқты. Сол жақ беті, кеудесі, мойны мен оң жақ жамбасы, трахеясын жаралады. Мұрнынан сол жағына дейін тілімдеп, аузын жыртып кеткен, 10 см жара қалдырды. Сүт безіне 9,5 см жара салған. Ал қолтық тұсындағы жарасының көлемі – 8 сантиметр, сол жақ кеуде тұсындағы жарасы 6 см, жамбас тұсына 10 см жара қалдырған. Мұның бәрі Әл-Бейнеге төзгісіз тән ауруын әкелді. Сол жақ гематорокс 3 литр, яғни аузынан 3 литр қан кетті. Осының бәрін саралай келе, әйелді аса қатігездікпен өлтіргенін көруге болады”, – деді ол.
Алайда прокурор мұны қолдамады. Оның айтуынша, аса қатігездік деп танылуы үшін адамды бірнеше сағат азаптағаны, аштықпен не суықпен жазалағаны, не тірідей күйдіріп қинағаны дәлелденуі керек. Ал бірнеше пышақ жарақатын аса қатігездікке жатқызбады. Сол үшін сот адвокаттың талабын қанағаттандырған жоқ.
Алдыңғы сот отырысында сот-медициналық сараптама қорытындыларына қатысты дау туған еді. 1-қорытынды “аффект” күйін растаса, екіншісі оны жоққа шығарды. Сол себепті 3-рет сараптама жасату туралы өтініш түсті. Бірақ судья оны да қанағаттандырған жоқ.
Моральдық өтемақы және мұрагерлік дауы
Содан кейін адвокат Айнұр Омарова сотталушыдан моральдық шығын ретінде 100 миллион теңге өндіруді талап етті. Ол жәбірленуші ретінде марқұмның әкесі Балапан Жүсіп, анасы Мағжан Байсейітова, інілері Ерік және Ермек Жүсіпов, сондай-ақ әпкесі Гүлсары Жүсіпованы көрсетіп, әрқайсысының жан жарақаты үшін ақы төлеуін сұрады.
Фото: Stan.kz/адвокат Айнұр Омарова, Әсел Зарипова
“Әл-Бейненің өмірін ешкім қайтарып бермейді. Адам өмірі – ең құнды нәрсе. Тым болмаса, ол соның ақысын берсін. Ешкім ешкімді өлтіруге хақысы жоқ. Тіпті ең нашар қылмыскерлерді елімізде өлтірмейді, террористердің өзін өлім жазасына кеспейді”, – деді адвокат.
Алайда сотталушы Сабыржан Зарипов бұл соманы ойға қонымсыз деп атап, мұны өтеуге шамасы жетпейтінін айтты. Сондай-ақ 12 жасар қызы бар екенін алға тартып, жәбірленушілерден немерелерінің болашағын ойлауды сұрады.
“Мені абақты күтіп тұр, ал қызым қарындасымның қарауында. Қызымның еміне көп ақша кетеді, оның 4 созылмалы сырқаты бар. Оның көзі көрмейді, көзі қитарлау, астигматизм бар. Көзі -3, одан бөлек остеохондроз, сколиозы бар. Үнемі оңалтудан өтіп тұруы керек. Көзілдірігінің арнайы линзасы бар, ол 500 мың тұрады. Меніңше, бұл жағдайда басты жәбірленуші – менің қызым. Ал Әл-Бейне он жылдай өз туыстарымен байланысты өзі тоқтатты, себебі олар ақша сұрай беретін”, – деді ол.
Сотталушы Зарипов пен оның қарындасы жәбірленушілердің моральдық өтемақы талап етуіне қарсы шығып, мұны немерелерінің ақысын жеу деп санайды.
“Өтемақы сомасы сотталушының ортақ мүліктен ие болған байлығының 87%-ына тең. Ал аталған жәбірленушілердің ішінде мүгедектігі бар немесе еңбекке қабілетсіз, күйсіз адам жоқ. Сонда 23%-ды ғана қызына қалдырып тұр. Ал 87%-ды кәмелет жасқа толып, бізбен қарым-қатынасын жалғастырса береміз дейді. Ал қарым-қатынасқа түскісі келмесе ше? Онда дымсыз қала ма?”, – деді сотталушының қарындасы Әсел Зарипова.
Адвокат Омарова, керісінше, Зариповтың Әл-Бейненің мұрагерлігіне таласып, қызының үлесін өзі азайтып тастағанын айтты.
“Бақытты сәтерден” фотолар
Сотталушының адвокаты Жәнібеков Әл-Бейне тұрмыстық зорлық-зомбылық көрді дегенді жоққа шығарды. Сөзінше, отбасының бақытты сәттері өте көп. Ол ерлі-зайыпты шетелге бірге саяхаттап, фотоға жиі түсті дейді. Адвокат және сотталушының қарындасы олардың бірге түскен фотоларын шығарып алып, оны сот материалына қосуды сұрады.
Фото: Stan.kz
“Мына кезде Түркиядамыз”, “Ал мынау туған күн кешінде түсірілген фото”, “Қызымыз дүниеге келген сәтінен”, “2015 жылғы фото”, “Далада демалып отырмыз” деп сипаттады Зарипов фотоларды.
“Фотода бақытты отбасыны көреміз, жүздеріне күлкі ұялаған. Мына жерден тиран, зорлықшыны көріп тұрған жоқпын, ешкімді қыстап тұрған жоқ. Оны қинап күлдіріп тұрған жоқ, қысымды көріп тұрған жоқпыз. Тіпті құшақтасып, бір-бірін сүйіп тұрған фото да бар”, – деді Зариповтың адвокаты.
Судья бұл фотоларды сот материалына қосты.
Дау болған аудиожазба
Сондай-ақ Зарипов бүгінгі сот отырысына тағы бір айғақ енгізгісі келетінін мәлімдеді. Сөзінше, ол қылмыс болатын күні телефонның диктофонын қосып қойған, соны сот материалына дәлел ретінде қосуды сұрады. Алайда бұған дейін тергеуде және сот отырыстарына мұндай айғақ барын айтпаған еді.
Адвокат Жәнібековтың айтуынша, марқұм күйеуінің көзіне шөп салғанын мойындаған. Ал Зарипов соны Telegram арқылы 1 ақпан 03:00-де қарындасына жіберген. Зариповтың телефонынан бұл аудиожазба табылған жоқ, бірақ қарындасы Әсел Зарипова сотқа ұсынды.
Айыптаушы тарап бұл күмәнді екенін алға тартып, оны қоспауды өтінді. Әрі рұқсатсыз жасырын қосылған диктофон тыйым салынған айғақ екенін айтты. Бірақ сот сотталушы өз даусын жазып алғанын айтып, аудио тыңдалды.
Ер адам даусы: Онымен неше рет төсектес болдың?
Әйел адамның даусы: Кіммен?
Ер: Әлгі жұмысыңдағы.
Әйел: Бірнеше рет.
Ер: Онымен қалай болдың?
Әйел: Ол саған неге керек?
Ер: Айтсаңшы
Әйел: Сен қазір ашуланып, бәрін құртасың. Әдейі соны естігің кеп тұр ма? Телефонымды берші.
Ер адам: Үнемі көзіме шөп салып жүргенсің ғой?
Әйел: Неге үнемі? Тек мүмкіндік болған кезде.
Ер адам: Ал Максиммен ше?
(интимді әрі ұятты сөздер қосылған жоқ)
Әйел: Мхм. Сен егжей-тегжейін білуің керек пе?
Әйел: Жетер енді. Сабыржан, қойшы болды, телефонымды берші.
Ер: Әкел бері, ештеңе етпейді. Онымен жыныстық қатынас қалай болды?
Әйел: Әртүрлі.
Айнұр Омарова мұның күмәнді екенін, қазір дипфейк сынды бағдарламалар бар екенін мәлімдеді. Әрі тергеуде бұл мәліметті не үшін айтпай жүргенін сұрады. Ал марқұмның анасы бұл Әл-Бейненің дауысына ұқсамайтынын айтты. Олар мұның жаңа технологиялармен жасалғанына сенімді.
“Егер ажырасқысы келіп, баланы өзіне алып қалғысы келсе, ол көзге шөп салғанын мойындамас еді. Өйткені мойындаса, бұл дерек өзіне қарсы келіп, қызын қамқорлығына ала алмайды ғой. Оны біліп тұрып, олай мойындамасы анық. Оның үстіне ол күйеуінен қорқатынын осыған дейін барлық куәгер айтып берді. Күйеуінің ашуланшақ екенін біліп тұрып, оған жертөлеге барып айтып бермейді ғой”, – деді адвокат Халида Ажығұлова.
Прокурор ұсынған жаза
Аудиожазба талқыланған соң сот тергеуі аяқталып, сот жарыссөзі басталды. Прокурор айыптау актісін оқып, сотталушының қылмысы дәлелденгенін айтты. Ол сотталушыға орташа қауіпсіздіктегі мекемеде жазасын 15 жыл өтеуді сұрады.
“Зарипов өз сезіміне ерік беріп, әйелін өлтіргенінің екі салдары бар. Біріншісі, жас келіншекті өмірінен айырды. Екіншіден, қызын анасыз қалдырды. Қазақта “әкесі жоқ қас жетім, шешесі жоқ тас жетім” деген сөз бар. Екеуі де жоқ болса, тұл жетім дейді. Сабыржан Зарипов әйелінің өмірін қиып, өз қызын тұл жетім етті. Қылмыстық кодекстің 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша оны 15 жыл бас бостандығынан айыру, ал “Ұрлық” бойынша 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілсін. Екеуін саралай келе, 15 жыл орташа қауіпсіздіктегі мекемеде жазасын өтеуін сұраймын”, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Айыптаушы және қорғаушы тараптың жарыссөзі
Адвокат Айнұр Омарованың айтуынша, марқұмға жала жабылып жатыр. Ол бақилық болғандықтан, өз ақиқатын жеткізе алмайтынын түсіндірді.
“Оның көзге шөп салғаны дәлелденбеді. Тек сотталушының айтуымен шектелді. Андрей Пономаревтан жауап алынып, ол бәрін жоққа шығарды. Оны 20 жылдай көрмегенін айтты. Егер көзге шөп салу оқиғасына сенімді болса, неге оны сұрақтың астына алмады?! Оған бірде-бір сұрақ қойған жоқ. Бірінші сараптамамен де келіспеймін. Себебі онда мамандар арадағы жыныстық қатынасты, ірі көлемдегі ақша ұрланғанын білмейді. Керек фактілерді білмей, қалай қорытынды шығарып, аффектті анықтайды?”, – деді ол.
Ал адвокат Халида Ажығұлова сотталушының берген куәлігі жиі өзгеретінін, кейде өзіне өзі қарсы шығатынын алға тартты.
“Сотталушының көп жалған сөз айтатыны сонша, кей деректерден шатасады. Мысалы бірінші Зарипов тек гаражда шылым шегетін едік деді. Одан кейінгі куәлігінде жертөлеге темекі шегуге бардық деді. Бірақ оқиға орнынан шылымның қалдығы табылған жоқ. Әрі қазандықтың жанында темекі шегу жарылысқа әкелетінін бәріміз білеміз. Енді Әл-Бейне не үшін қазандықтың маңына барды? Өзі Әл-Бейне үй шаруасына мүлдем мән бермейтін деді, бірақ соңғы сөзінде “Қазандықтың шашылып жатқанына алаңдады” деп айтты”, – деді Ажығұлова.
“Ешкім анасының орнын толтыра алмасы анық”
Ал Әл-Бейненің анасы Мағжан Байсейітова мұрагерлікке қатысты сотталушыға үндеу айтты.
“Сен қызыңды кімге тастап жатырсың, Сабыржан? Өз баласын ғана ойлайтын адамға ма? Оған сенің қызың емес, ақша керек. Олар қамқоршы деп танылмаса да, бүкіл жерде өздерін қамқоршы деп таныстырып жүр. Бізге Әл-Бейненің ақшасы керек болмаған, керек те емес. Бірақ неге оның өмір бойы тырмысып тапқан ақшасы, қызы үшін жинаған байлығын басқалар пайдалануы керек? Әл-Бейненің тапқан ақшасына адвокат жалдап, өз туыстарыңды асырап жүрсің. Осыған дейін болмаған туыстарың енді пайда болды. Ешкім қызыңның анасындай болмайды, ешкім оның орнын толтыра алмасы анық, тіпті мен оның анасының анасы болсам да. Осы әрекетіңмен менің ғана емес, өз қызыңды да өлтірдің. Енді қарындасың мені немереммен кездестірмей жүр”, – деді Байсейітова.
Әл-Бейненің інісі Ермек Жүсіпов прокурор мәлімдеген жазаның аз екенін айтты. Ол сотталушы қатаң режимдегі мекемеде кемінде 20 жылға сотталуы керек деп санайды.
“Мұндай қаскөйлер қоғамнан оқшаулануы керек, ол – қоғам үшін қауіпті адам. 20 жылға бас бостандығынан айырылсын”, – деді ол.
“Қандай пасық екенін көрсетті”
Әл-Бейненің әкесі Балапан Жүсіп Зариповтың осыған дейінгі мәлімдемелерін сынға алды. Ол сотталушы өз кінәсін мүлдем сезінбей тұрғанын назарға алды.
“Бір өкініш көрмедік, тіпті әйелінің анасынан кешірім сұрамады. Бұл оның қандай пасық екенін көрсетті. Адамдықтан жұрдай. Әйелімен махаббат болып, оған жылы лебізін жеткізіп жүргенін айтады. Сол жылы лебіз қайда кетті? Міне, оның жақындары, әке-шешесі отыр! Сүйікті жар болса, неге осы ісің үшін өкінбей тұрсың? Кінәңді мойындап, кешірім сұрауға батылың жетсе ғой, шіркін. Әлі де ақшаны жыр қылып тұрсың. Хайуандық көрсетіп тұрғанын қара”, – деді марқұмның әкесі.
“Өзін “еркекпін” деп санайтындар ашуланады”
Ал сотталушының адвокаты Жәнібеков қылмыс аффект кезінде болғанына сенімді. Айтуынша, марқұмның “аморальды” қылығы мұндай қадамға әсер еткен болуы мүмкін. Сол үшін жаза жеңілдетілуі керек деп санайды. Cонымен қатар ол прокурор мен жәбірленуші тарап екітүрлі тарапты ұстанып, шатасқанын назарға алды.
“Мен марқұмды қаралағым келмейді. Бірақ әйелінің “адал” болмағанын, бірнеше мәрте көзіне шөп салғанын естісе, кез келген еркектің намысы оянып, ашуға булығады. Өзін “еркекпін” деп санайтын кез келген ер адам ашуланады. Бұл қанда бар, ерлерде бар нәрсе, еркектік. Ол барлық еркекте бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Мұндай жайт, әрине, жан жарасын салады”, – деді адвокат.
Одан бөлек ол Әл-Бейне күйеуінен қысым көрсе, кетіп қалатын еді дейді.
Оның үстіне ол табысты әйел болса, өзін сыйламайтын ер адамды шыдап жүрмейтін еді ғой, себебі ол оған тәуелді емес. Сонда қалай 19 жыл бірге тұрады?! Мүмкін толыққанды ажырасу үшін “көзіңе шөп салдым” деп айтқан болар. 19 жыл бақытты болған отбасы бір сәтте жоқ болды. Әйелін шын сүйген ер адам қалайша сотқа тартылып тұр?”, – деді сотталушының қорғаушысы.
Сотталушының қарындасы сот тергеуге алған планшет, ноутбук және телефондарды оған табыстауды өтінді. Әрі сотталушының 12 жасар қызы барын жеңілдететін мән-жай ретінде қарауды сұрады. Алайда прокурор мұның орынсыз екенін мәлімдеп, ол баланы анасынан айырғанын мәлімдеді.
“Мен істі 99-бап “Адам өлтіру” емес, 101-бап “Аффект жағдайында жасалған қылмыс” деп тануды сұраймын. 12 жасар сіңлімнің жағдайына мән берсеңіздер екен. Ол бар жақсыға лайық”, – деді Әсел Зарипова.
25 қыркүйекте судья шешімді жариялайтынын мәлімдеді. Stan.kz тілшісі сотты назарда ұстайды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда ер адам әйелін 10 рет пышақтап, бес миллион теңгесін ұрлап, жертөлеге тастап кетті деп айыпталғанын жаздық. Жәбірленушінің жақындары күдіктінің жазадан оңай құтылып кетуінен қорқып, резонанс тудырғысы келеді.