Прокуратура Шерзат Болаттың өліміне қатысты соттың ашық өтуін сұрайды
Алматы облысының прокуратурасы Талғарда асқан қатігездікпен өлтірілген 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот ашық өтуін сұрамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алматы облысының прокуроры Берік Адамов тергеу жұмыстары кезінде заң бұзушылықтардың болмағынын мәлімдеді.
“Жәбірленуші тарап соттың ашық өтуін талап етіп жатыр. Тергеу барысында ешқандай заң бұзушылықтар болған жоқ. Прокуратура соттың онлайн режимде, ашық өтуін сұрайды”, – деді Берік Адамов.
Сондай-ақ полиция Талғардағы оқиға орнында түсірілген видеоның тарап кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов бір күн бұрын әлеуметтік желіде "Қамажай" дүкенінің алдында түсірілген видео тарағанын айтты.
“Бұл видео кеше (14 қазан – шамамен) әлеуметтік желіде пайда болды. Ішкі қауіпсіздік департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл видеоның әлеуметтік желіге қалай таралғанын анықтау керек. Жақында ғана іс қозғадық, осы істің аясында мән-жайдың бәрін анықтаймыз деп ойлаймын”, – дейді Ішкі істер министрінің өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Сондай-ақ Шерзат Болаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кеткені туралы жазған едік. 14 қазанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты бұрынғы “Хутор” ауылының тұрғындары пікір білдірген еді. Ал кешке қарай Хасанның өзі экранға шығып, үндеу жасаған. Ол адвокат жалдағанын, өзін “Хутор бандасының” басшысы деп қаралағандармен соттасатынын айтқан.