Профессор Саят Ыбырайдың қызы: Әкемді "террорист" деп қайда барса кедергілер шығып жатыр
Профессор Саят Ыбырайдың қызы желіде жанайқайын жеткізді. Оның айтуынша, әкесі Саят Ыбырай паспортын ала алмай жүр. Қайда барса, "террорист" деген ат алдынан шығады деп налиды.
"Сұмдық! Менің мұғалімім Саят Ыбырайдың 16 жастағы қызының жазғаны! Мына арамы билік халықтың шын жанашырларын тұншықтырып, опасыз, ұры жемқорларды жоғары көтеріп жатыр.
Әкем Саят Ыбырай паспортын ауыстыра алмай сергелдең болып жүргеніне бір апта болды! 10 маусымда әке-шешемнің паспортын ауыстыратын мерзімі келіп, Наурызбай ауданының ХҚКО-на (ЦОН) барады. 23 мың ақшасын төлеу керек екен. Кассаға төлейін десе, анамның төлемін қабылдайды да, әкемнің төлемін компьютер қабылдамай қояды. «Неге?» десе, компьютер «террорист» деп көрсетеді дейді. Менің әкемнің террорист емес екенін бүкіл ел біледі. Президент те біледі. Академик Асқар Жұмаділдаев ағай президент Тоқаевтың қабылдауында болғанында «Егер Саят террорист болса, онда мен Бен Ладенмін!» деп айтқан. Сонымен бір апта болды, әкем кассаға ақшасын төлей алмай жүр. Ондағылар «Қаржылық мониторингке сұрау жібердік, жауабын күтеміз» деп, күні бойы кассаның алдында тұрғызып, ақыры мониторинг жауап бермепті. Ал олардан жауап алу мүмкін емес. Себебі бұрын да неше рет нотариустан құжаттарын растата алмай, банктерден айлық жалақы алатын есеп-шот аштыра алмай, сол комитетке де, жоғары жаққа да жүз рет хат жазған, еш нәтиже жоқ. Сонда профессор адам паспортсыз, айлықсыз бомж болып тентіреп кетуі керек пе?! Кеше анамның әңгімесін тыңдап отырып шошыдым: «Құжатсыз дәл қазір де қамап тастай алады» дейді!!! НЕ ІСТЕУ КЕРЕК, АЙТЫҢЫЗДАРШЫ?!", - деп жазды.
Айтуынша, Саят Ыбырайдың жанашырлары көп, оны қолдайтынына сенімді. Оны танымал қоғам белсенділері қолдап, президентке дейін барғанын айтады.
"Ал жарайды, әкемді былай қояйық: сонда бұл заң сотталғандар үшін шығарылған болса, олардың бәрі бомж боп кетсін деген сөз бе?! Әлде шетелге тентіреп, Сирияға кетсін деп жатыр ма?!
Енді 12-сі күні әкемнің соты өтті: УДО-дан босату туралы. «Сіздің қылмысыңыз ауыр» деп бұрынғы шешімді күшінде қалдырды. Алдында Наурызбай ауданының соты да жібермеген. Егер қылмыс соншалықты «ауыр» екен, онда неге заңда «мұндай адамдарға мүмкіндік жоқ» деп тоқатетерін айтпайды?
10 жыл болды, әкеме қаншама адам көмектескісі келеді. Тіпті Мұхтар Тайжан, академик Асқар Жұмаділдаев ағайлар Президенттің алдына қойды емес пе? Президент мәселені түсінді деген еді. Бірақ, әлі ешқандай нәтиже жоқ. Жеме-жемге келгенде, әкем барлық проблемасымен бетпе-бет жалғыз өзі қалып қоя береді. Соған жүрегім қан жылайды!!!
Құрметті Мұхтар Тайжан аға, Асқар ағай! Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қаншама алтын уақыттарыңызды бөліп, қанша жерге кіріп, әкеміздің жоғын жоқтап, Президентке дейін жеткіздіңіздер. Менің бұл жерде ренішім сіздерге емес. Менің жан айқайымды дұрыс түсінісеңіздер екен. Әкеміздің мәселесі әлі сол қалпында қала беруде! Бәрі «Иә, иә, түсінеміз» дейді, нақты ештеңе шешпейді. Президенттің өзі де әкемді «Білемін» депті. Жазып алып, көмекшілеріне тапсырма беріпті. Жаңа жылдың алдында жоғары жақта бәрі дүрлігіп әкемді іздеп, әкем Астанаға да барып қайтты. Ал сонда НЕГЕ??? НЕ ДЕГЕН САҢЫРАУ БИЛІК?! НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?! Әкем ешкімге проблемасын айтпайтынын білесіздер ғой. Тым болмаса максимал РЕПОСТ жасаңыздаршы!
Мынаған да түк миым жетпей қойды. Бұл үкімет осыншама әділетсіздікпен халық пен биліктің арасын алыстатып жатқандарын қалай түсінбейді? Мен, мысалы, Исматулла Мақсұм ата мен менің әкем Саят Ыбырайды Қазақстандағы ең патриот адамдар деп есептеймін. Германияда университетте жұмыс істеп жүріп, əлемдегі ең атақты Халықаралық Гумбольдт Қорының сыйлығын иеленіп, 1998 жылы Германияның президенті Роман Херцогтың өз қолынан алып тұрып, "еліме керекпін" деп қайтып келген патриотты көрсетіңіздерші! Қайда әділеттілік?!
Әкем сотталғанда мен алты жаста болғанмын. Түк те түсінбейтінмін. «НЕГЕ?» деген сұрақ қана мазалайтын. Қазір 16-жастамын. Бірақ әлі дым түсінбеймін! Әкемді сегіз жыл жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамады. Ата-әжемнің жүрегін ауыртты, көз жасын төкті. Кім жауап береді?! Сол
тозақтан да аман шықты. Бостандық алды. Ал енді заң паспорт ауыстыруды талап етеді. Ал ауыстырайын десе Қазақстан азаматы өз елінде паспорт ауыстыра алмайды?! Қалай сонда?! Фейсбукті дүр сілкіндірген кішкентай Сириялық бала естеріңізде ме? Сол бала секілді біз де «Бәрін Құдайға айтам!» дейтінбіз. Қазір де солай дегеннен басқа лажымыз жоқ! Халықтың ардақты ақсақалы Исматулла Мақсұмға және әкеме әділетсіз қиянат жасағандар жауап берулері керек! Ал САҢЫРАУ, МЕҢІРЕУ БИЛІККЕ айтарым: көресіздер, ерте ме, кеш пе, халық бұл мәселені көтермей қоймайды. Ол кісілердің жанашырларын бәрін түрмеге қамап қоя алмайсыздар. Халық та, тарих та әділ үкімін береді деп сенемін!!!", - деді ол.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбырай 2010 жылы «сопылар ісі» бойынша 12 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Міне, соңғы 8 жыл бойы зиялы қауым өкілдері мен қоғам Саят Мұратұлын бостандыққа шығару туралы билікке талап қойды. Осы талап-тілектің әсері болса керек, профессор мерізімінен бұрын бостандыққа шыққан еді.
Саят Ыбырайдың әбжад клубында 100 шақты қыз-жігіт бір-бірімен үйленген