Pro Hokei Ligasy плей-оффының үздік сұрмергені Данил Парамонов "Арланнан" кетіп, ҚХЛ-дың "Адмирал" клубына барады
Фото: Pro Hokei Ligasy
Pro Hokei Ligasy 2024/2025 маусымының плей-офф кезеңінде ең үздік бомбардир атанған Данил Парамонов көкшетаулық "Арлан" клубынан кетіп, маусымаралық кезеңде Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) Владивостоктағы "Адмирал" командасының қарауына аттанады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Парамонов өте сәтті маусым өткізді. Қазақстан чемпионатында ол 45 (30 гол, 15 пас) ұпай жинап, лигадағы үшінші сұрмерген атанды. Плей-офф кезеңінде 9 шайба соғып, 5 нәтижелі пас беріп, сұрмергендер тізімінде бірінші орын алды. "Торпедоға" қарсы финалдық серияда Данил 5 гол мен 3 пас беріп, "Арланның" 4:0 есебімен жеңіске жетуіне үлкен үлес қосты.
"Адмиралдың" Парамоновқа қызығушылық танытуының бір себебі — клубтың спорт директоры Павел Житков бұрын "Арланда" жұмыс істеген және ойыншының мүмкіндіктерін жақсы біледі. 24 жастағы Новосібір тумасы үшін бұл – мансабындағы маңызды қадам болмақ. Ол "Арлан" сапында Қазақстан чемпионы және ел кубогының иегері атанған болатын.
Қазіргі уақытта "Адмиралмен" ресми келісімшартқа қол қойылған жоқ. Себебі, Парамонов алдымен қаралымнан өтеді, содан кейін оның ҚХЛ-дағы болашағына қатысты шешім қабылданады.