Президенттің сынынан кейін шенеуніктер шетел асқан қаржыны қайтаруға кірісті
Бас прокуратура шетел асқан миллиардтарды қайтаруға кірісті. Тіпті Жақып Асанов оффшордағы қыруар қаржыны отанға қайтаруды өз бақылауына алған,-деп жазлы КТК арнасы.
Тіпті, ақшаның ізіне адаспай түсуі үшін прокурорлардың білімін жетілдіріпті. Бұл іске Қаржы министрлігі де қосылған. Алайда, мұхит асқан миллиардттарды қайтарудың оңай болмайтынын шенеуніктер қазірден-ақ мойындап отыр.
Президенттің пәрменінен кейін,Есілдің сол жағалауында нағыз дүрбелең басталып кетті. Сондықтан таяқтың ұшы тиген құзырлы органдар қалың ұйқысынан ояғандай. Сөйтіп Қазақстаннан шығарылған әр тиынды түгендеуге бел шеше кіріскелі жатыр.
Бірақ капиталды қайтару жолдары белгісіз. Тек Бас прокуратура оннан астам қызметкерін экономикалық қылмыстарды тергеуге үйретіпті. Әйтсе де, қаржылық қитұрқылықтарды әшкерелейтін сауаттары әлі төмен. Енді былықты әшкерелеу үшін Қаржы министрлігі көмекке келмек.
«Тиісті тапсырмаларды алдық. Бізде сауатты күресу үшін біздің мықты мамандар болуы керек. Сондықтан мамандар оқып келді. Арнайы курстан, тренингтан өтті. Енді бұл бағытта біз басқа өкілетті органдармен бірігіп, сол жұмысты жасаймыз»,-деді ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов
Миллиардтарды отанға қайтару үшін прокурорлардың білімін жетілдіруі бекер емес. Өйткені, құқық қорғау органдары ақшаның ізіне түсіп, оны кері қайтарудың орнына қағазбастылықпен айналысып келген.
Тіпті, экономикалық білімін айтпағанда, есеп-шоттарды аңдуға техникалық сауаты жетпейді. Сондықтан бай-бағландар тапқан табысына оффшордан қымбат виллалар алып, тексерушілерді оп-оңай шаң қаптырып жатыр.
«Шетелег ақша тығып ойнау аяқталды. Яхта, зәулім сарай сатып алуды доғарыңдар. Әлі ешкімді тексермедік. Жұмыс істеп көбейтіп алуына мүмкіндік бердік. Премьер-министір кіріспесе, өзім қолға аламын. Ақшаны үйде ұстаған қауіпсіз, біз оған кепіл береміз»,-деді президент.
Ал Қаржы министрлігі шетелдегі әріптестерімен байланысып, қай мемлекетте отандық олигархтарға тиесілі шоттар мен жылжымайтын мүлік барын анықтамақ.
«Басқа мемлекеттердің салық органдарымен ақпарат алмасу арқылы, «фатко» деген келісім-шарт бар сол арқылы да қараймыз. Оның үстіне «Бэпс» деген жоба бар. Бұл да салықтан жалтару, ақшаны тығуға қарсы жұмыстар. Осыған қарсы іс-шаралар қабылданып жатыр»,-дейді ҚР Қаржы министрі.
Жалпы, қазір оффшор мен шетел банктерінде Қазақстаннан аударылған 12 жарым миллиард доллар жатыр екен. Ақшасын шетелге тыққандардың арасында мүйізі қарағайдай ұлттық компаниялар да бар.
Бұдан былай Қазақстанда тапқан ақшасын шетелге аударуға заңмен тыйым салынғалы жатыр. Алайда, бұл құжаттың аты түгіл заты да жоқ.
Президенттің сынынан соң Үкімет тиісті заңды әзірлеуге енді кірісті. Оның ұзақ шаруа екенін ескерсек, арал асқан ақшаның жақын арада оралуы екіталай.
Оқи отырыңыз:
Қобызшы қыздардан құралған “Асыл” тобы күтпеген жаңалықпен қуантты
Өте бай көрінеді: Бритни Спирстің визажисті Жұлдыз Әбдікәрімова туралы пікірін айтты
Елге танымал әншілер Сара Тыныштығұлованы екі мәрте өлтірмекші болған
Жұбайынан жұлдыз жасағысы келген Қайрат Нұртасқа әріптестері қарсы шықты