Тоқаев қазақстандықтарды өткенге деген өкпе-реніштен арылуға шақырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды талай уақыттар бері келе жатқан өкпе-реніштерді ұмытуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Akorda.kz
"Талай заманнан келе жатқан өкпе-реніштерден, өткенге құр мақтанудан және бәрін орынсыз сынап-мінеуден арылу қажет. Әлеуметтік масылдық пен саяси таяздыққа мейлінше жол бермеуге тиіспіз. Шектен шығып, тым асыра сілтейтін көзқарастарға барынша тосқауыл қойған жөн. Өйткені бұл дүние ақ пен қарадан ғана тұрмайды”, – дейді президент.
Президент ұлтты идеологиялық және мәдени тұрғыда әлсірететін құбылыстарды атады. Сонымен қатар ол кез келген мәселеде өзгелерді айыптаудың қажеті жоғын алға тартты.
"Қоғам санасындағы осындай құбылыстар ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан әлсіретеді. Тіпті, еліміз қазіргі қатігез әлемде өзгелерге жем болуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық ой-санамыз мықты болуы керек. Жаһанды белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті болу үшін барлық жағынан кемел ұлт болуымыз қажет. Бұл – өркениетті, икемді, мақсатшыл жұрт болу деген сөз”, – дейді Тоқаев.
"Түпкі мақсаты миллиардтаған қаржыны қалтаға басу": Президент ЛГБТ-ны қолдайтын ұйымдар жайлы айтты
Мемлекет басшысы ұлттық ой-сананы нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
"Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет. Сондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық”, – деді ол.
Айта кетейік, бүгін Бурабайда Ұлттық құрылтай өтіп жатыр.
Осыған дейін Тоқаев Ұлттық құрылтайдың пленарлық отырысында президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді.