"Препарат сынамасыз егілген": Алматыда емханаға қаралуға барған келіншек 20 күннен бері комада жатыр
Фото: pixabay.com
Желіде Алматыдағы "Жас Қанат" ықшамауданында орналасқан №28 Қалалық емханаға қаралуға барған келіншек комаға түсті деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағдайды келіншектің құрбысы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
“Құрбым 3 маусым күні дәрігерге қаралған соң оған ем тағайындалып, күндізгі стационарға жіберілген. Онда анафилактикалық шок болған. Болжам бойынша, оған цефтриаксон препараты сынамасыз егілген. Жедел жәрдем келіп, фельдшердің нұсқауымен оған адреналин берілді. Сосын №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Ол жерде құрбыма клиникалық өлім диагнозы қойылып, 15 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізілді. Оның жүрегі қайта соққанымен комада, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған”, – деп жазды қазақстандық.
Оның сөзінше, қазір науқастың жақындары бұл жағдайға №28 қалалық емхана мамандарын кінәлап отыр.
“Құрбымның күйеуі медицина қызметкерлерінен әйеліне не салынғанын, қандай дәрі егілгенін сұрағанымен жауап ала алмай отыр. Емхана мамандары барлық айғақтың көзін жойып, құрбыма дәрі екпес бұрын алдын ала сынама жасалғанын айтып жатыр. Дегенмен құрбымның денесінде сынаманың ізі де жоқ”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ келіншек әлі де комада жатыр екен. Жақындарының айтуынша, жағдайы өте ауыр.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мән-жайды сұрап білді.
Басқарма мәліметінше, дербес медициналық деректер медицина қызметкерінің құпиясына жатады. Сол себепті кей мәліметтер қызметкердің келісімінсіз берілмейді.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 273-бабының 1-тармағына (Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық саясатты іске асыру қағидаттары) сәйкес дербес деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адам денсаулығының жай-күйі, диагнозы туралы ақпарат, емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер медицина қызметкерінің құпиясына кіреді. Сол себепті кей мәліметтер адамның келісімінсіз өзгелерге берілмейді", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ басқарма медицина қызметкерінің құпия мәліметтері қандай жағдайда берілетінін айтты:
- заңды өкілі болмаған жағдайда, өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз адамды зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;
- айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері кезінде, оның ішінде қан, оның компоненттерінің донорлығы, ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау кезінде;
- тергеп-тексеру немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың сұрау салуы бойынша;
- кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкіліне хабар беру үшін;
- Қазақстан Республикасы азаматының денсаулығына зиян құқыққа қарсы іс-әрекеттер салдарынан келтірілді деп ұйғаруға негіздер болған кезде;
- адамның психикалық ауытқушылықтары мен сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділігі анықталған кезде;
- медициналық қызметтер (көмек) көрсету сапасына мемлекеттік бақылау, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерге мониторинг жүргізу кезінде;
- "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген тәртіппен прокуратура органдары тексерулер жүргізу кезінде;
- қарсы барлау қызметінің міндеттерін шешу мақсатында арнаулы мемлекеттік органдардың сұрау салуы бойынша жол беріледі.
Жоғарыдағылардың негізінде құпия деректерді ұсыну үшін заңды өкілі екенін растайтын құжат (заңды өкілдің мүдделерін білдіруге сенімхат) ұсынылған жағдайда ғана өтініш қаралады екен.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында соқырішегіне ота жасалған көпбалалы әйел наркоздан соң көз жұмғаны туралы жазған едік.