Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қостанай облысының су басқан аймақтарына барды

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, төтенше жағдай жарияланған Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласындағы жағдаймен танысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

Қанат Бозымбаев аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге Амангелді ауданы Амангелді ауылындағы су басқан үйлерді аралап, облыс орталығына апаратын жолдардың жағдайын зерделеп, халыққа көмек көрсету бойынша еріктілер орталығына барды. Орталықтың ұйымдастырушысы Айбек Танабаевтың айтуынша, мұнда 3 күн ішінде 20 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек және гигиеналық құралдар жеткізілген.

Жангелді ауданында Бозымбаев Көлқамыс ауылындағы су тасқыны болған жерге барып, сондай-ақ қарғын судан зардап шеккен Көкалат ауылының тұрғындарымен кездесті.

Әрі қарай Қанат Бозымбаев политехникалық колледждің жатақхана ғимаратындағы құтқару пунктіне орналастырылған Қызылжұлдыз ауылының тұрғындарымен кездесті.

Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі облыстық жедел штаб Арқалық қаласында орналасқан. Облыстың барлық аумағында облыстық, қалалық және аудандық жедел штабтар жұмыс істейді. Шығынды бағалау бойынша комиссия құрылды.

Қостанай облысының оңтүстігіндегі 75 жеке тұрғын үйді су басқан. 13 су шайған және 7 бүлінген жол бақылауда. 12 елді мекенде көлік қатынасы жоқ. 1,2 мың адам эвакуацияланды, олардың 408-і балалар.

Құтқару жұмыстарына 1,7 мың адам, 517 бірлік техника, 30 суда жүзу құралы және 2 ұшақ жұмылдырылған. Вице-премьер апаттық-құтқару жұмыстарын әрі қарай жүргізу, құтқарылған адамдарды барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету, шығынды бағалау, бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

"Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасау керек. Су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары тәулік бойы жүргізілуі тиіс. Өңірлерді қалпына келтіру үшін барлық қажетті ресурстар бөлінеді", — деді Бозымбаев. 

Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысының су басқан бірнеше аймағында төтенше жағдай жарияланғаны туралы жазған едік. 

Талқылау