Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пойыз билеті қымбаттайды, көптеген телефон бұғатталады: 1 наурыздан бастап Қазақстанда не өзгереді

Қазақстанда көктемнің алғашқы айында бірнеше өзгерістер болмақ. Кей қызметтер үшін баға мен айыппұл мөлшері өседі, ал мемлекет ЖОО үшін балаларға бастапқы капитал береді. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі Рамазан уақытымен тұспа-тұс келген наурыз айында қандай өзгерістер болатынын зерттеп көрді.

Банктер депозит бойынша кез келген сыйақыны белгілей алады

1 наурыздан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік бері қоры теңгедегі депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелер қоюды тоқтатып, нақты нарықтық бағалар туралы ақпарат жариялайды. 17 жыл қолданыста болған заң күшін жоймақ.

Енді банктер нарық жағдайына назар аудара отырып, депозиттерде сыйақы деңгейін өз бетінше анықтай алады.

2008 жылдан бері қор барлық банк үшін шекті мөлшерлемелерді белгіледі. Егер мөлшерлемеден асып кеткен жағдайда қор резервіне ұлғайтылған жарна төлеуге мәжбүр болды.

Бұған дейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік бері қоры банктердің депозиттерді агрессивті түрде тартуына жол бермес үшін максималды мөлшерлемені барынша шектейтін. Алайда банк секторы дамыған соң реттеуші қатаң бақылаудан бас тартып, икемді реттеуге көшуді шешті. 

Десе де, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер барлық банк үшін бұрынғыша белгіленген.

2025 жылдың 1 наурызынан бастап қор теңгедегі депозит мөлшерлемелеріне шек қоймайды.

Қордың мәліметінше, бұл реформа депозиттер жөнінде пайыздық мөлшерлемелерді белгілеуде банктерге көбірек еркіндік береді.

1 наурыздан бастап пойыз билеттерінің бағасы өседі

Елімізде 1 наурыздан бастап пойыз билеттері 20% қымбаттайды. 

Енді әлеуметтік маңызы бар облысаралық маршруттар мен кейбір қала маңы пойыздарына жол жүру тарифінің шекті деңгейі өзгереді. 

“Жол жүру тарифінің шекті деңгейінің өзгеруі жоспарлы индекстеу аясында, жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының шығындарын ұзақ мерзімді субсидиялау шарттарына сәйкес 7% мөлшерінде жүргізіледі”, – деп мәлімдеді “Қазақстан теміржолы” компаниясы.

Қазақстанда 1 наурыздан бастап жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады

Қазақстанда көктемгі кезеңде республикалық маңызы бар автожолдарды сақтау мақсатында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

1 наурыздан 1 сәуірге дейін жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық көліктерге "бесінші жол климаттық аймаққа" жататын келесі облыстарда жүруге тыйым салынады:

  • Алматы облысы
  • Атырау облысы
  • Жамбыл облысы
  • Ұлытау облысы
  • Қызылорда облысы
  • Маңғыстау облысы
  • Жетісу облысы
  • Түркістан облысы

Алайда халықаралық жүк және жолаушылар тасымалына, төтенше жағдайлар мен олардың салдарын алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын көліктерге, гуманитарлық көмек көрсететін, азық-түліктерді, дәрі-дәрмектерді, жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын көліктерге, жол-құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын көліктерге бұл шектеулер қойылмайды.

Мемлекет баланың ЖОО-да оқуына бастапқы капитал береді

"Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі 1 наурызынан бастап іске қосылмақ.

Енді баланың оқуына жинақтау депозитіне немесе білім беру сақтандыру шарты бойынша есептік сомаға бюджеттен біржолғы төлем аударылады.

Бастапқы төлем – 60 АЕК (235 920 теңге), бұл көптеген отбасылар үшін айтарлықтай қолдау көрсетеді. Жетім мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бұл сома 120 АЕК-ке (471 840 теңге) ұлғайтылды.

Капитал 5 жасқа толған инвесторлардың шотына есептеледі. 

Ата-аналар жылдық жарна салып отыруы керек. Көпбалалы отбасы балалары 12 АЕК (47 184 теңге) , ал қалғандары 24 АЕК (94 368 теңге) төлейді.

Бала грантқа түссе, жинақ салымдарын басқа мақсатта, мысалы тұрғын үй қажеттіліктеріне де пайдаланады:

  • тұрғын үй немесе жер сатып алу;
  • бастапқы жарна және ипотекалық несиені өтеу;
  • жеке үйді жөндеу немесе салу;
  • сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді төлеу.

Мемлекеттік білім гранты бойынша оқитын балалар қаржыны оқуды аяқтағаннан кейін қолданады. Шетелге құжат тапсырған кезде қаражатты пайдалануға болады.

Егер жылдық алым төленбесе, салымшы азаматтығынан айырылса, шарт мақсатын бұзса, бастапқы капитал бюджетке қайтарылады. Инвестор төтенше жағдайға тап болса немесе карантиндік шараларға байланысты табысынан айырылса, онда қайтару міндеттелмейді.

Дұрыс тіркелмегендер бұғатталады: Қазақстанда телефондар “ақ”, “қара” және “сұр” деп бөлінеді

Енді ұялы байланыс операторлары абоненттік құрылғының сәйкестендіру коды мен абоненттік нөмірдің иесінің тіркелген деректерімен сәйкестігін тексереді.

Ұялы телефондар ақ, сұр, қара тізімге бөлінеді. 

Ақ тізімге тексеруден сәтті өткен және дерекқорға енгізілген құрылғылар кіреді.

Сұр тізімде қосымша тексеруді қажет ететін, бірақ желіде 30 күнге дейін уақытша жұмыс істеуге рұқсаты бар құрылғылар болады.

Қара тізімге қате немесе өзгертілген сәйкестендіру коды бар, зауыттық IMEI коды жоқ немесе GSMA халықаралық қара тізіміне енгізілген құрылғылар жатады.

24 наурызда цифрлық даму министрлігі байланыс операторларын смартфондардың IMEI кодтарын тексереді. Оператор иелеріне олардың құрылғыларының мәртебесі туралы хабарлауға міндетті. Мәселен, сұр тізімге енсе смартфонды пайдаланудың заңдылығын растау қажеттігі туралы иесіне ескерту керек. Ал егер иесі верификацияны белгіленген мерзімде өтпесе, құрылғы автоматты түрде қара тізімге көшіріледі және мобильді желіге кіру бұғатталады. 

Бұл телефон ұрлау фактісін азайту үшін жасалған. 

Жаңа телефонды тіркегенде оның:

  • IMEI кодының түпнұсқалығы
  • Ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар тізімінде бар-жоғы
  • Қазақстанға заңды түрде әкелінген-әкелінбегені қаралады.

Кей құқықбұзушылықтар үшін айыппұл өседі

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген жаңа түзетулер 13 наурыздан бастап күшіне енеді. Жеке деректерді қорғау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, валюта айырбастау және кірістерді декларациялау салаларындағы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік артады.

"Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу" бойынша айыппұл 10 АЕК-те 30 АЕК-ке (117 960 теңге) өседі. Лауазымды тұлғалар, жеке нотариустар, сот орындаушылары, адвокаттар, заң кеңесшілері, шағын бизнес және коммерциялық емес ұйымдар 20 АЕК емес, 60 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. 

"Лауазымды адамдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы" бойынша енді заңды бір жылда тағы бұзғаны үшін 200 АЕК (786 400 теңге) айыппұл қарастырылған.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңда ақпаратты орналастыру, шағымдарға жедел ден қою және тауарларды қайтару мерзімдерін сақтамағаны үшін сатушылардың жауапкершілігі күшейтілген. Енді ескерту орнына айыппұл салынады.  Осындай әрекет үшін 5 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді.

"Әлеуметтік маңызы бар тауарларға тауарлық үстемеақыны асырып жіберу" бабы үшін де ескерту орнына айыппұл салынады. 5 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін төленбек. 

Қытайға, Вьетнамға және Египетке жаңа рейстер ашылады

Air Astana Қытайға бағытын кеңейтіп, Гуанчжоуға жаңа рейс қосты. 30 наурыздан бастап Airbus A321LR ұшағы аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері ұшады.

Әуекомпания көктемгі-жазғы маусымда Пху-Куокқа рейстерді Нха Трангқа рейстерге ауыстырады. Алматыдан Нха Трангқа рейс 30 наурыздан бастап сейсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері, ал Астанадан 31 наурыздан бастап дүйсенбі, бейсенбі және сенбі күндері орындалады.

Сонымен қатар, наурыз айында Air Cairo аптасына бір рет Қостанай-Шарм-эль-Шейх, сондай-ақ аптасына екі рет Алматы-Хургада рейстерін ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Алматыдан Эль-Аламейнге ұшулар аптасына бір рет қайта жалғасады.

Қасиетті Рамазан айы басталады

Ол 1 наурыздан  29 наурызғадейін жалғасады. Ораза 29 күнге созылып, 29-ында аяқталады. Ораза айт 30 наурызда басталады. 26 наурыздан 27 наурызға қараған түн – қасиетті Қадір түні.

Наурызда неше күн демаламыз?

Наурыз айында қазақстандықтар айдың жартысына жуығын демалыспен өткізеді. Мереке күндерін қоса алғанда 14 күн демалыс бар.

8 наурыз сенбі күніне түскендіктен, 10 наурыз дүйсенбі күні тағы демалыс болады. Ал Наурыз мерекесінде азаматтар қатарынан бес күн демалады: 21, 22, 23, 24, 25 наурыз.

 

Талқылау