Португалия Ұлттар лигасын екінші рет жеңіп алды
Фото: Matthias Schrader/Copyright 2025 The AP
Португалия тарихта екінші рет УЕФА Ұлттар лигасының кубогын жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Финалда Испаниямен болған ойында негізгі және қосымша уақыт 2:2 есебімен аяқталды. Ал пенальти сериясында Роберто Мартинестің командасы 5:3 есебімен жеңіске жетті.
Ойын барысында Испания екі рет алға шықты, бірақ Португалия есепті екі мәрте теңестірді. 21-минутта Мартин Субименди есеп ашты, алайда бес минуттан кейін Нуну Мендеш есепті теңестірді. Бірінші тайм аяқталуға жақын қалған сәтте Микель Оярсабаль Испанияны қайта алға шығарды. Екінші таймда 40 жастағы Криштиану Роналду есепті 2:2 етіп, тарихтағы Ұлттар лигасының финалында гол соққан ең жасы үлкен футболшы атанды.
Қосымша уақытта жеңімпаз анықталған жоқ, сондықтан жеңіс пенальти сериясында шешілді. Нуну Мендеш, Бруну Фернандеш, Витинья және Гонсалу Рамуш өз мүмкіндіктерін мүлтіксіз орындады. Ал испан шабуылшысы Альваро Мората соққысын голға айналдыра алмады, португал қақпашысы Диогу Кошта бағытты дұрыс болжап, допты қайтарып жіберді. Жеңіс голын Рубен Невеш соғып, Португалияға жеңіс сыйлады.
Фото: Matthias Schrader/Copyright 2025 The AP
Осылайша, Португалия Ұлттар лигасын екі мәрте жеңіп алған алғашқы ұлттық құрама атанды (алғашқы жеңіс — 2019 жылы). Ал Роналду үшін бұл ұлттық құрамамен бірге алған үшінші ірі халықаралық жүлде — Евро-2016 және 2019 жылғы Ұлттар лигасынан кейін.
Айта кетейік, үшінші орын үшін өткен ойында Франция Германияны 2:0 есебімен жеңді. Килиан Мбаппе бір гол соғып, Майкл Олисеге нәтижелі пас берді. Бұл гол Мбаппе үшін халықаралық деңгейде Франция құрамасындағы 50-ші гол болды.

Қазақстандықтарға қай айларда шетелге саяхаттау арзан екені айтылды
