Польшалық компания Қазақстанда 69 миллиард теңгеге жылыжай салады

Фото: pixabay.com
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен “Fabe Polska” компаниясының басқарма төрағасы Фатих Будан жылыжай саласын дамытуға бағытталған ірі жобаны іске асыру жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоба аясында Шымкент қаласында жылына 38 мың тонна қызанақ өндіретін заманауи жылыжай кешенін салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 69 миллиард теңге болды.
Кездесу барысында Айдарбек Сапаров жобаның агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
“Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселелеріне, оның ішінде аграрлық секторға ерекше назар аударып келеді. Аталған жобаның іске асырылуы импортты алмастыруға және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етеді. Қазақстанда заманауи жылыжай технологияларын енгізуге барлық жағдай жасалған: қолайлы инвестициялық ахуал, мемлекеттік қолдау және сапалы өнімге деген жоғары сұраныс ауқымды өндірісті дамытуға берік негіз қалыптастырады. Министрлік жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде, яғни құрылыстан бастап толық қуаты қосылғанға дейін жан-жақты қолдау көрсетеді”, – деді министр Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Фатих Будан жобаны іске асыру барысында заманауи агротехнологиялар, энергияны үнемдеуге бағытталған шаралар және өндірістік процестерді басқарудың тұрақты даму жөніндегі халықаралық стандарттарға сай жүйелер қолданылатынын атап өтті. Оның сөзінше, жоба өндірістік тиімділікті арттырып, нарықты сапалы өніммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұған дейін қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында “Fabe Polska” компаниясы алдағы бес жыл ішінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне шамамен 137 миллион доллар көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Неке шарты қазақстандық әйелді ажырасу кезінде қорғай алмаған: Тойға дейін келісімшарт жасау қажет пе?