Польша Ресейдің 19 дроны әуе кеңістігін бұзғанын мәлімдеді: Мәскеу мұны жоққа шығарды
Фото: pixabay.com
Польша Қарулы күштері Ресейдің әскери дрондары елдің әуе кеңістігін "ерекше жағдайда" бұзғанын мәлімдеді. Дрондар түнгі уақытта Украинадағы нысандарға жасалған шабуыл кезінде Польша аумағына кірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Сurrenttime.tv порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Польша премьер-министрі Дональд Туск бұл жағдайды "ауқымды арандатушылық" деп атап, елге 19 ресейлік дронның ұшып кіргенін, олардың кейбірі Беларусь тарапынан келгенін айтты. Үшеуі атып түсірілді, төртіншісі де жойылған болуы мүмкін.
"Бұл – агрессия әрекеті, азаматтарымызға тікелей қауіп туғызды", – деді польша әскерилері.
Польша ІІМ өкілі елдің жеті елді мекенінде жеті дрон мен бір зымыранның сынықтары табылғанын хабарлады. Бір тұрғын үй мен көлік зақымданған, зардап шеккендер жоқ. Түнде Жешув, Люблин және Варшава әуежайлары жабылды. Бұл "мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоспардан тыс әскери әрекетке" байланысты болды.
Тусктың сөзінше, бұл жағдай НАТО-ның 4-бабы бойынша одақтас елдермен ресми консультациялар бастауға себеп болды.
Ресей Қорғаныс министрлігі болса, Польшаға соққы жасау жоспарда болмағанын, дрондардың тек Украинадағы әскери-өнеркәсіптік нысандарға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар олардың дрондары Польшаға жететіндей ұшу қашықтығына ие емес екенін мәлімдеді.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский кем дегенде 8 шабуылдаушы дронның Польша бағытына ұшқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл – Ресейдің НАТО кеңістігін әдейі бұзу арқылы эскалацияны арттыру әрекеті.
НАТО бұл әрекетті қасақана жасалған заң бұзу деп есептейді. Дегенмен оны тікелей шабуыл ретінде қарастырмайды. Дрондарды атып түсіруге Польша F-16, Нидерландтың F-35 және Италияның AWACS ұшақтары қатысқан.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен шекаралас елдерге бақылауды күшейту үшін Eastern Flank Watch бағдарламасын іске қосатынын мәлімдеді. ЕО-ның сыртқы саясат басшысы Кая Каллас болса, мұны Еуропа әуе кеңістігінің ауыр түрде бұзылуы деп бағалап, Мәскеуге қысымды күшейтуге және Украинаға қолдауды арттыруға шақырды.
Венгрия премьері Виктор Орбан Польша егемендігін бұзуды айыптап, бейбітшілікке шақыру саясатын қолдайтынын айтты.

"Екі күйеу жігіттің де есімі – Нұрсұлтан": Алматылық әпкелі-сіңлі бір күнде ұзатылып, ерекше той жасады
