Польша Ресей және Беларусь шекараларына 40 мың әскерін орналастырды
Фото: AP Photo / Czarek Sokolowski
Польша 10 қыркүйекте елге ұшқышсыз ұшақтың басып кіруіне байланысты Беларусь және Ресей шекараларына шамамен 40 000 әскерін орналастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Униан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Варшаваның әскерді шығыс шекараға шоғырландыруына Ресей мен Беларусьтің "Батыс-2025" атты бірлескен оқу-жаттығуы себеп болды. Оған ондаған мың сарбаз қатыспақ.
"Польша "Батыс-2025" маневрлеріне ұзақ уақыт бойы дайындалды", – деді Польша қорғаныс министрінің орынбасары Цезарий Томчик.
Оның айтуынша, Польша әскері 30 мыңнан астам сарбаздың және НАТО күштерінің қатысуымен жаттығулар өткізді. Бұл шараның мақсаты қауіп төнген жағдайда лайық жауап беру.
"Есіңізде болсын, "Батыс-2025" – стратегиялық оқу-жаттығу", – деді Томчик.
"Еуропадағы ең мықты армияға айналады": Польша Ресейден қауіптеніп, әскери қорғанысын күшейтіп жатыр
Қорғаныс министрі бұл жаттығулар Ресейдің НАТО мен ЕуроОдақ елдеріне қарсы ықтимал агрессиясының бастауы болуы мүмкін екенін айтты.
10 қыркүйекке қараған түні Ресей әскерлерінің Украинаға жаппай соққы беруі кезінде 20 шақты ұшқышсыз ұшақ Польша шекарасын кесіп өтті. Бұған жауап ретінде Польша әуе күштері жойғыш ұшақтарды ұшырды. Бұл Украинадағы соғыс басталғалы алғаш рет Ресей дрондарының НАТО елінің аумағында атып түсірілген жағдайы. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі Польшадағы нысаналарға соққы беруді "жоспарламағанын" мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, НАТО Польшаға ұшқан ресейлік ұшқышсыз ұшақтарды жоюға кемінде 1,2 миллион еуро жұмсаған. Үш ұшқышсыз ұшақты екі F-35 жойғышы жойған.
Айта кетейік, бұған дейін Польша Қарулы күштері Ресейдің әскери дрондары елдің әуе кеңістігін "ерекше жағдайда" бұзғанын мәлімдеген еді. Дрондар түнгі уақытта Украинадағы нысандарға жасалған шабуыл кезінде Польша аумағына кірген.

"30 мың теңгеге азық-түлік аламын", "ажырасқандар салық төлесін": Көпшіліктің сынына ұшыраған депутат Ардақ Назаровтың даулы мәлімдемелері
