Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полицейлер қорқытқан": Жетісу облысында 27 жастағы ер адам өзіне қол салды

Жетісу облысының Сарыөзек ауылында 27 жастағы азамат өз-өзіне қол салған. Туыстары Азат Құдайбергеннің қазасына полиция қызметкерлерін кінәлап отыр. Айтуларынша, тәртіп сақшылары көпбалалы әкеге дүкеннен 300 мың теңге ұрлады деп өзгенің қылмысын мойнына алдыртпақ болған. Бұл жайтты марқұмның өзі хатқа жазып кеткен екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Қайғылы оқиға 20 ақпанда болды. 27 жастағы Азат Құдайбергеновтың тоқ бағанасында асылып тұрғанын ауыл тұрғындары көріпті.

Ол сұмдық қадамға бармас бұрын інісіне қоңырау шалып, көл жағасына келуін өтініпті. Ауыл шетіне жеткен жақындары жүгіргендерін айтады. Бірақ тым кеш болған.

“Мойнына қолымды тығып, арқанды шығарамын. Сол кезде Азаттың аузынан соңғы демі шықты. Әлі оянады деп ойлап, көкірегінен мыждым. “Азат, оян-оян” деп, аузынан үрлеймін, бетінен ұрам, оянбады. Бағананың түбінде қара пакет тұр. Бетінде бас киімі тұр. Қасында телефон, бас киімін көтерсем, астында хат жатыр”, – деді марқұмның інісі Сағат Құдайбергенов.

Хат иесі жақындарынан кешірім сұрап, оларға балаларын аманаттаған. Сондай-ақ өзіне жала жабылғаны, полицейлердің түрмеге отырғызамын деп қысым көрсеткенін жазған. Ал анасы баламды полиция бөлімшесінде оны ұрып-соқты деп күдіктенеді.

“18-і, 19-ы тергеген, 20-сы келіп "Жабам, сенің көзіңді құртамын. Бәрібір сені соттатам" деген. Соған балам ыза болып, асылып қалып отыр. Оның ішінде ұрды ма, не істеді, мен білмеймін. Камераны ашыңдар десек, ашпайды”, – деді марқұмның анасы Гүлбағиза Оңғарбаева.

Артырда ата-ана, төрт бала мен жесір жұбайы қалды. Олар азаматтың өмірмен қош айтысқанына әлі де сене алмайды.

Айтуларынша, Сағат пен Азат Құдайбергеновтер бұрын жұмыс істеген дүкеннен 300 мың теңге ұрланған. Полиция ағайындыларды бөлімшеге шақырып, жоғалған ақшаны мойындарына ілмек болған дейді туыстары.

“Арман-мақсаты, өзіне деген сенімі көп болатын. Бала шағасын көп ойлайтын. Асылмайтын адам еді. Екі күн тергеді ғой, содан кейін бұзылды. Кәдімгідей басқа адам болып кетті. Ойға шомылып, сынып кетті. Сол қорқытқаннан болды деп ойлаймын”, – деді марқұмның жұбайы Айнұр Тұрсынова.

Ал облыстық полиция департаментінде осы іске қатысты "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бабымен тергеу басталып, сараптама тағайындалған. 

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тараптардың барлық уәжі, мәлімдемелері, сондай-ақ марқұмның туыстары ұсынған мәліметтер тергеу барысында мұқият зерттелетін болады. Тергеу полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", – деп мәлімдеді жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Марқұмның туыстары істі бұрмаламай, әділ тергеу жүргізуді сұрап отыр.

Талқылау