Полицейлер енді көлік жүргізушілерін қандай жағдайда тоқтатады
Бүгін ҚР парламенті пенатындағы Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жол-патрульдік полицейлері арасындағы жемқорлықпен күрес шаралары қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кез келген жағдайда жол полициясы шешім қабылдауы тиіс, ал біз өз тарапымыздан қадағалау жасауымыз керек. Сондықтан негізгі іс-қимылдарымызды бақылауға бағыттап отырмыз. Бүгінде видеотіркеуіштер мен видеожетондарға көштік. Атап айтқанда, қазіргі кезде полиция қызметкері жолдың бойында тұрып алып, тоқтатпайды. Яғни, тек автокөлікпен шолғындау жүзеге асырылады. Машинада кем дегенде екі видеотіркеуіш орналастырылған, осы орайда біз полицейлерлердің барлық іс-қимылдарын бақылаймыз»,-дер түсіндірді министр.
Жыл соңына дейін барлық полицейлерді видеотіркеуіштермен қамтамасыз ету тапсырмасы бар екенін тоқталған ол: «Сондықтан мен өзімнің бұйрығыммен полицейлерге мұнсыз жүргізушілермен жұмыс істеуге тыйым салдым. Кейбір облыстарда көліктер толықтай осы құрылғылармен қамтылған, ал қалған өңірлерде 30-40 пайыз деңгейінде ғана»,-деді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұраққа көлікті қойып кеткендер үшін де айыппұл төмендейді. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха мәлім етті.
«Құқықтық саясат кеңесіндегі талқылау барысында ізгілендіру аясында барлық баптарды зерттеп шығу шаралары ескерілді, оның ішінде жолдағы көлік қозғалысы баптары қамтылып отыр. Бүгінде Әділет министрлігімен бірлесе 14 бап бойынша жауапкершілікті жеңілдету туралы айқындадық»,-деді комитет төрағасы.
Осы орайда ол Ішкі істер министрлігі жол апаттылығы мен қауіпсіздік жағдайына тікелей әсер ететін ереже бұзушылықтарға айыппұл деңгейін төмендетуге қарсы екенін жеткізді.
«Мәселен, жол қиылысында тоқтайтын сызықтан көктайғақ салдарынан немесе байқамай 1 метрге асып кетсе, айыппұлды 5 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін төмендетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұраққа көлікті қойып кеткендер үшін де айыппұл айтарлықтай азайтылады. Сонымен қатар көліктің жарығын қоспай жүргені үшін бірінші рет ұсталса, онда тек ескерту жасалады. Ал екінші рет осы себеппен тоқтатылса, онда 5-тен 3 АЕК-ке айыппұл төмендетіледі. Яғни, жолдағы апаттылыққа тікелей ықпал етпейтін баптар бойынша санкцияларды жеңілдету қадамына барып жатырмыз»,-деді Лепеха.
Сөз соңында ол аталған баптар бойынша нақты шешім қабылданатындығына сенім білдірді.
Өз кезегінде Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай кей кездерде көше қиылысында алатаяқсыз көлік қозғалысын реттеп тұрған полицейдің іс-қимылы дұрыс көрінбейтінін айтты.
«Жол полицейлері осы алатаяқты ұстамаса да, қиылыста қозғалысты реттейтін қызметкерлерге оны қалдыру керек шығар. Әсіресе, түнгі уақытта бұл алатаяқтар қажет. Мен жүргізуші ретінде осы өзгеріске үйрене алмай жүрмін. Бұл тұрғыда интернет желісінде адамдардың пікірлері көптеп айтылуда»,-деді депутат.
Осы орайда ҚР Ішкі істер министрі бұл ұсынысты қарастыруға болатынын жеткізді.
Тағы да оқыңыз:
Үш бидің ескерткішін аяғымен таптаған қытай жігіті қазақ халқынан кешірім сұрады (видео)
Олжас Сүлейменов: Әліпбиді латынға көшіруге асықпаған жөн
Қазақстанда бойжеткендер ота арқылы бірнеше рет қыздық перде салғызатын болған