Полицейлер Indriver такси жүргізушілерін алдап келген қазақстандықты ұстады
Жаңаөзен қаласында алаяқтық жолмен Ақтөбенің 10-нан астам такси жүргізушісін алдаған күдікті ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: vietnews.ru
Ақтөбе қаласында бірнеше такси жүргізушісі алаяққа алданып қалған. Осы дерек бойынша жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті жігітті анықтап, Жаңаөзен қаласынан ұстады.
Тергеп-тексеру кезінде күдікті қылмыстық схемасын танымал "Индрайвер" қосымшасын пайдаланып жүзеге асырғаны анықталды. Ол такси жүргізушілерін осы қосымша арқылы тауып, WhatsApp мессенжері арқылы байланысқан.
“Клиенттің атын жамылған жігіт хат жазысу барысында қолма-қол ақшасының бар екеніне сендіріп, такси жүргізушілерін өз ақшасына супермаркеттерден азық-түлік жеткізіп беруге және өзі жіберген ұялы телефон нөміріне ақша аударуға көндірген. Сенімді болу үшін қажет азық-түлік тізімін де жолдап, тапсырысты мекенжайға жеткізген соң, барлық шығынды қолма-қол өтейтінін айтқан.
Жәбірленушілер азық-түлікті сатып алып, "тапсырыс беруші" жіберген телефон нөміріне ақша аударғаннан кейін, жігіт оларды бұғаттап, байланысқа шығуды бірден тоқтатқан. 10 такси жүргізушісіне келтірілген шығын көлемі 11 мыңнан 30 мың теңгеге дейінгі сома шамасында”, – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір күдікті Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бұған дейін қаржы мониторингі агенттігі Қазақстанда автокөліктерді әкелу схемаларына байланысты ауқымды тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді.