Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық журналист өзіне полицейлер хабарласып, жыныстық қызмет сұрағанын айтты

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Әлеуметтік желіде қазақстандық азамат өз телефон нөмірінің Kyzdar.net сайтында рұқсатсыз жарияланғанын айтты. Соның салдарынан жыныстық қызмет көрсету туралы ұсыныстар түсіп, тіпті полицейлерден де қоңыраулар мен хабарламалар келіп жатыр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған жағдайды журналист Кирилл Павлов Threads желісіндегі парақшасында баяндады. 

“Биыл қаңтар айының ортасынан бері Kyzdar.net сайтында телефон нөміріммен жалған анкета жарияланғанын білдім. Алғашқы күндері ол “премиум” мәртебеде болды. Сол себепті күніне жүзге жуық қоңырау мен хабарлама түсті. Кейін қоңыраулар азайғанымен, “сәлем, жұмыс істейсің бе?” және “тапсырыс қанша?” деген мазмұндағы хабарламалар тоқтаған жоқ”, – дейді ол. 

Фото: Threads

Ер адамның айтуынша, жыныстық қызметке полиция қызметкерлері де жүгінген. 

“Уақыт өте келе жеке өміріме қол сұққан адамдар туралы дерек жинай бастадым. Қазір менде олар туралы жеке база бар. Онда полиция майоры Дайрабаевтың, полиция қызметкері Нұрлан Сұлтановтың, бір депутаттың көмекшісінің (бұрын ірі аграрлық университетті басқарған) және басқа да адамдардың жыныстық қызметке жүгінгені туралы фактілер бар”, – деп жазды ол. 

Ер адам мұны полицияға да хабарлап, арыздары тіркелгенімен, істе алға жылжу жоқ дейді.

“Тіпті бір адам жеке басқа өтіп, қорлайтын сөздерді де айтты. Оның аудиожазбасы бар, жеке басын  анықтадым. Ол да полиция қызметкері болып шықты. Полицияға жазған арызым да “жоғалып кеткен”. Ал материалдар қазір ауруханада жатқан орындаушыға берілген болып шықты. Қазір министрлік Kyzdar.net сайты жабылды деп айтып отыр. Білуімше бұл сайттың жабылғаны туралы әңгіме бірнеше рет айтылған”, – деп жазды ер адам. 

Фото: Threads

Сондай-ақ ол арыздардың жоғалуы және материалдардың ауруханада жатқан адамға берілгені бойынша басқа құзырлы органдарға жүгінетінін айтты.

Министрлік не дейді?

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz Ішкі істер министрлігінен мән-жайды сұрады. Олар заңға қайшы сайттарды Қазақстан заңнамасына сай үнемі анықтап, бұғаттап отыратынын мәлімдеді. 

Алайда мұндай сайттар бұғатталғаннан кейін қайта ашылып кетеді дейді. Себебі олардың әкімшілері шетелдік серверлерді пайдаланады екен. 

“Сайт әкімшілері блоктауды айналып өтетін технологияларды қолданады. Сайттың атауын жиі өзгертіп, айна нұсқаларын жасап отырады. Сол себепті мұндай ресурстарды Қазақстан аумағында толықтай жабу қиынға соғып отыр. Ішкі істер министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және халықаралық серіктестермен бірлесіп, бұл ресурстардың заңсыз қызметін тоқтату үшін жұмыс жүргізіп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар министрлік киберқылмысқа қарсы жүйелі шаралар атқарып жатқанын айтты. Олар азаматтарды интернетте сақ болуға және заңға қайшы әрекеттерге тап болса, бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Kyzdar.net сайты неге бұғатталмай жатқанын түсіндіргені туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 19:00