"Полицейлер азаптаймыз деп қорқытты": Семейдегі жетімдер үйінде тәрбиеленген қыз ауыр тағдыры туралы айтты
Семейлік Айгүл Рахиянованың туған ата-анасы бола тура қаладағы №8 жетімдер үйінде тәрбиеленген. Кейіпкер бойжеткен шағында анасын тапса да, ол баласын бауырына баспаған. Қазір ару қайда жұмыс істеп жүр? Семейден өзіне баспана ала алды ма? Бұл туралы кейіпкер Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, басынан өткізген қиындықтарды айтып берді.
Фото: Stan.kz | Айгүл Рахиянова
“Анамның жүзінен мені қабылдамайтынын бірден сезгендей болдым”
Айгүл Серіпбекқызы Рахиянованың жасы 29-да. 7 айлық шала туған баланы анасы перзентханаға туа сала тастап кеткен. Безбүйрек ана тіпті баладан үзілді-кесілді бас тарту туралы арыз да қалдырмапты. Жарық дүниеге келмей жатып тағдыры тәлкекке түскен сәбиді қаладағы бөбектер үйіне жібереді.
Кейіпкердің айтуынша, бөбектер үйінде балалар 1 жастан 3 жасқа дейін тәрбиеленеді.
“Мені үш жасымнан кейін Семейдегі №3 балалар үйіне жіберді. Онда мен 3 жастан 12 жасқа дейін болып, ары қарай №8 балалар үйінде өсіп-жетілдім. Алайда он екі жасқа дейінгі естеліктер есімде еміс-еміс қалды. 7 жасқа толғанда мені америкалықтар келіп асырап алғысы келгенін білемін. Сол кезде мекеме директоры "сіздерге Айгүлді бере алмаймыз. Оның анасы бар, тірі" деп айтқанда жүрегім жарылып кете жаздады. Әлеуметтік жетім саналғандықтан олар тәуекелге барып, шетелге жібере алмады. Ес жиғаннан бері ата-анамның тастап кеткенін және ешкімге керек емес екенімді білім өстім. Десе де, анамның бұл өмірде бар екенін естігеннен бері жаным тыныш таппады. Тәрбиешілерден анамды тауып беруді өтініп күнде сұрай бердім. Олар, әрине, "анаңды білмейміз, тауып бере алмаймыз" деп, әңгімені шорт кесетін", – деді Айгүл Рахиянова.
Айгүл Рахиянова жетімдер үйінен түлеп ұшқаннан кейін колледжге педогогикалық мамандыққа оқуға түседі. Ол 1-курс оқып жүргенде таныстары арқылы анасын тауып алған. Анасы Семейден оңтүстік-батысқа қарай 305 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауданының тумасы болып шықты.
Мұны білген бойжеткен анасын көруге асығып, жаны тыныш таппаған. Өзі телефонмен хабарласып, кездесуге шақырған.
“Қазан, қараша айы болуы керек... Қатты суық еді. Анаммен аялдамада кездестік. Іштей "Анам қазір мені қуанып, құшақтайтын шығар. Көргенде бауырына басып, еміренетін шығар деп ойладым". Алайда анамның жүзінен мені қабылдамайтынын бірден түсінгендей, сезгендей болдым. Маған бастан-аяқ қарап, түр-келбетімді бір шолып шықты. Қызым деп бауырына да басқан жоқ қой... Айгөлек сәлем деп айтқан жоқ қой... Айгөлек, кешірші деп айтқан жоқ қой... Мен соны күттім. Мама не үшін тастап кеттіңіз? Қандай себеп болды? Айтыңызшы, оны түсінемін, қабылдаймын, мен сізді кешіремін деп айттым. Бірақ ол үндеген жоқ. Әкем қайда деп сұраған кезде тағы да үндеген жоқ. "Сіз мені қабылдамайсыз ба?" деп айтқанда тағы үндеген жоқ. Бұл үнсіздіктен кейін мен де кетіп қалдым”, – деді жетімдер үйінің түлегі Айгүл.
Фото: Stan.kz | Айгүл Рахиянова
Айгүлдің айтуынша, қазір анасының басқа отбасы бар. Анасы қызды перзентханаға тастап кеткен кезде қазіргі күйеуі Серікбек деген ер адамның атын жазып, соны әкесі деп қалдырған. Шынында, Айгүлдің әкесі басқа кісі болып шыққан.
“2017 жылы анаммен тағы да кездестік. Ол кезде мен тегімді, руымды, қай жерден шыққанымды білгім келді. Бұдан кейін ол қағазға Жұмақанов Юрий Сіләмбекұлы, 1972 жылы дүниеге келген деп жазып берді. Анама шынымен осы кісі менің әкем бе деп сұрақ қойдым. Ол “иә” деп жауап берді. Естігенім бойынша, сол кезде “анасының айтуынша әкесі мына кісі” деген түсінік болды. Осылайша ол туған әкемді емес, өзінің заңды күйеуін жазып қалдырған екен. Кейін келе әкемді іздеп тапқанымда оның жетім өскенін, сол себепті анамның әке-шешесі олардың қосылуына қарсы болғанын білдім. Алайда нағашы ата-әжем менің бар екенімді біле тура маған бірді-бір хабарласқан да, хат алысқан да жоқ. Қазір анамның менен бөлек тағы балалары бар", – деді Айгүл Рахиянова.
Фото Айгүл Рахиянованың жеке архивінен алынған
“Кінәңді мойындамасаң, сені моральдық және физикалық тұрғыдан азаптай беремін”
Айгүл Рахиянова балалар үйіндегі өмірінен бөлек, колледжге қарасты жатахқанада тұрып жүрген кезінде көп қиындықты бастан өткізгенін айтады.
“Мына бір оқиға өмірбақи есімде қалатын шығар. Жатақханада бір бөлмеде 4 қыз тұрып жүрдік. Бір уақытта бөлмедегі қыздардың бірінің ақшасы жоғалып кетті. Тәрбиеші ақшасы жоғалған қыздан "кім ұрлады деп ойлайсың?" дегенде маған қолын сілтеп, менің ұрлағанымды айтты. Мұндай өтірікке шыдай алмай, жатақханада жанжал шығардым. Өзімнің кінәсіз екенімді тәрбиешіге, комендантқа айтсам да, олар маған сенбеді. Сөйтіп полиция бөлімшесіне барып арыздануға бел будым. Мемлекеттің қамқорлығында жүрген бала болғандықтан жанымда тәрбиеші болуы керек еді. Алайда ол менімен полицияға кірмеді. Ал енді полицейлерге "маған жала жауып жатыр, сіздерге ол ақшаны ұрламағанымды айтқым келеді" деген кезде олар менің қайдан шыққанымды, қайдан келгенімді сұрады. Жетімдер үйінен келдім дегенде бірден олар бірауыздан "онда ұрлаған сенсің!" деп дүрсе қоя берді. Кейін полицейлердің біреуі жеке кабинетке алып кетіп, “кінәңді мойындамасаң, сені моральдық және физикалық тұрғыдан азаптай беремін" деп қорқытты. Сол сәтте телефонымды алып, бұрынғы №8 балалар үйіндегі тәрбиешіге хабарласып, тезірек келуін өтіндім. Жағдайдың шиеленісе түскенін түсінген ол бірден жетіп келіп, шу көтерді. Ол кісіге алғысым зор”, – деді Айгүл Рахиянова.
Қазір "Жаңа-Семей" теміржол станциясында тауар кассирі болып жұмыс істейді. Бұған дейін ол көлік жуу қызметінде жұмыс істеп, 1 жылдан кейін денсаулығына байланысты шығып кеткен. Уақытты бос өткізбей бала күтушісі болып қызметке орналасады. Сол үйдің иелері оның теміржолға кіруіне көмектесіп, жол сілтеген. Бүгінде Айгүл – дипломы бар теміржол кассирі.
Бұдан бөлек Айгүл Рахиянова 9 жылдан кейін барып қана ипотекаға үй алған.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan.kz YouTube арнасынан көріңіз.