Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"По-русски говори!": Алматыда курьер тілге байланысты жанжалдан кейін айыппұл арқалады

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Алматыда пицца жеткізу кезінде тіл мәселесіне байланысты туындаған жанжал сотқа ұласты. Курьер Мейіржан Пірназаров ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 86 500 теңге көлемінде айыппұл арқаласа, қорғаушы тарап шешіммен келіспей, апелляцияға жүгінетінін мәлімдеді. Оқиға қоғамда мемлекеттік тіл мен қарым-қатынас мәдениеті төңірегіндегі пікірталасты қайта күшейтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласында пицца жеткізу кезінде туындаған жанжалдан соң курьер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, айыппұл салды. Қорғаушы тарап шешіммен келіспей, апелляцияға жүгінбек.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада курьер мен тапсырыс беруші әйел арасында жанжал шыққаны көрінеді. Даудың шығуына курьердің кіреберіс алдына жақындамағаны және тіл мәселесі себеп болған.

Бейнежазбада әйел адамның курьерге дөрекі сөйлеп, орыс тілінде жауап беруді талап еткені байқалады. Курьер өз кезегінде қазақ тілінде жауап қатып, айғайламауды сұраған. Әйел адам "По-русски говори!" деп талап қойып, тапсырысты беруді сұраған.

  • Курьер: "Мен міндеттімін бе?" деп жауап берген.
  • Клиент: "Мен сені түсінуге міндеттімін бе?" деген.
  • Сөз соңында курьер: "Сіз Қазақстанда тұрасыз" деген уәж айтқан.

Алматының соты Мейіржан Пірназаровты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша кінәлі деп таныды. Сот қаулысында оның "азаматшаға тиісіп, жанжалды өзі өршітті" деп көрсетілген.

Курьерге 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сот оның бұл құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын және ауырлататын мән-жайлар жоқ екенін атап өтті. Істі судья Ғалия Қасымова қараған. Ал тапсырыс беруші әйелге қатысты әкімшілік шара қолданылмаған. Курьердің адвокаты Мейірман Шекеев сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бейнежазбада курьердің ұсақ бұзақылық жасағаны анық көрінбейді. Керісінше, әйел адамның бейәдеп сөздер қолданғаны байқалады, алайда ол жауапқа тартылмаған.



Еске салайық, бұған дейін желіде депутат Самат Нұртазаның 2019-2020 жылдары тіл мәселесіне қатысты пікірталас кезінде жазған ескі комментарийі тарады. Скриншотта депутаттың “Қазақ тілі – сіңірі шыққан кедейлердің, арба айдайтындар мен даяршылардың тілі" деген сөзі көрсетілген. Жазба әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Көпшілік оның Конституцияны жазуға қатысқан комиссия мүшесі болғанын атап өтіп, мұндай пікір айтқан адамның депутаттық қызметте отыруына сын айтты. Осыған байланысты Самат Нұртаза Facebook парақшасында түсініктеме беріп, аталған пікірдің бірнеше жыл бұрынғы тіл жөніндегі қызу дискуссия барысында эмоцияға беріліп жазылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сөз керісінше мағынада, тілге деген құрметті арттыру ниетімен айтылған. Сондай-ақ ол сол кезеңде мемлекеттік қызметте болмағанын атап өтті және егер біреудің ар-намысына тиген болса, ресми түрде кешірім сұрайтынын жеткізді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 18:16