Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лицензиясы болмаған: Пластикалық ота жасатқан қазақстандық әйелдер хирургтың салғырттығынан денсаулығына зиян келгенін айтып, шағымданды

Фото: Видеодан скрин

Бірнеше қазақстандық әйел пластикалық хирургтың салғырттығынан денсаулығына ауыр зиян келгенін айтып, шағым білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жәбірленушілердің айтуынша, ота сәтсіз өткен. Салдарынан олар әлі күнге дейін оңалтудан өтіп жүр екен. Сонымен қатар келтірілген зиянды толық қалпына келтіру мүмкін бола ма, жоқ па белгісіз дейді олар. 

Жәбірленуші Елена профессордың ұсыныстары мен жеткен жетістіктеріне сендім дейді. Ол қабағын сыртқа қарай қайырылып тұратындай етіп жасатқысы келген екен. Алайда ота күні ол талдау нәтижелерін ұмытып кетіпті. Бірақ бұл жағдай хирургты алаңдатпапты.

“Ота түнгі сағат 2-де аяқталып, үйге жалғыз қайттым. Кейін тері ауыстырып салу операциясы қажет болды. Алда тағы екі операция күтіп тұр. Бұл дәрігерден кемінде үш адамның зардап шеккенін білдім. Бір түсінгенім, оларға отаның сәтті өткені, менің жағдайым емес, ақша маңызды болыпты”, – дейді пластикалық хирургия клиникасының клиенті Елена.

Ал тағы бір клиенті – Риммаға жол апатынан кейін операция қажет болған. Оның жақ сүйегі ығысып, тұншығып қалу қаупі туған. Алайда дәрігер ота кезінде екінші жақ сүйегіне де тиісіп, сүйекті әдейі сындырып, басқа жаққа ауыстырған. Кейін Римманың беті іріңдеп, басқа клиникада бес рет қайта ота жасатуға мәжбүр болған.


Қазақстанда балалар пластикалық хирургы мен венерологтары даярланады


Қостанай облысында лицензиясыз пластикалық ота жасаған дәрігерге үкім шықты


“Айнаға қарауға қысыламын. Мұндай адамды хирургия саласына мүлде жолатпау керек. Ол өзгелердің өмірін ойрандап жатыр”, – дейді клиент. 

Еленаға профессор операция құнының бір бөлігін қайтарған. Ал Римма сотқа дейін бітімге келуге мәжбүр болған, себебі сараптама дәрігердің кінәсін тек жанама түрде растаған. Қазір хирург оған 2 миллион теңгені бөліп төлеп жатыр. Алайда қыз қалпына келуге 5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.

“Медициналық қызметке арналған лицензияға қосымша құжаттың жоқ екені анықталды. Клиникада жақ-бет хирургиясы мен анестезиология және реанимация қызметтерін көрсетуге рұқсат болмаған. Қазір лицензияға қосымша алу туралы өтініш түскен жоқ”, – деді Қарағанды облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сабина Нығматуллина. 

Бұдан бөлек, тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, пациентпен жасалған келісімшартта көрсетілген медициналық қызметтердің толық көлемі мен нақты төленген сома жазылмаған. Сонымен қатар науқастың инвазивті келісімі мен операцияға рұқсат құжаттары болмаған. Клиникада орта медициналық қызметкерлер жұмыс істемеген. Ал операциядан кейін пациент жалғыз қалып қойған. Бұл деректер полицияға да хабарланған.

Соған қарамастан, хирург әлі күнге дейін операция жасауды жалғастырып жатыр. Ал өзі бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Айта кетейік, бұған дейін Пластикалық ота жасатқан алматылық әйел өлім аузынан қалғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 19 Желтоқсан, 2025 10:59