Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Петропавлға үлкен су келе жатыр. Қайталап айтамын, үлкен!": Солтүстік Қазақстан әкімі тұрғындарға үндеу жасады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбет тұрғындарға үндеу жасады. Оның сөзінше өңірдегі жағдай әлі де күрделі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pkzsk.info

Өңір басшысы қазір су тасқынына қарсы барлық амал жасалып жатқанын айтты. 

“Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі. Облыс орталығына үлкен су келе жатыр. Бірінші кезекте еріген суды елдімекендерге жеткізбей бұруға тырысып жатыр. Қазір Есіл өзенімен үлкен су келе жатыр.

Сергеев су қоймасында толып кетудің абсолют рекорды тіркелді – 4 метр 25 сантиметр. Бұл 2017 жылғы су тасқыны көрсеткіштерінен әлдеқайда көп. Үлкен су Есіл өзені бойындағы елдімекендерге қауіп төндіреді. Шамамен бір-екі күннен кейін су облыс орталығына жетеді. Прибрежное және Тепличное ауылдарын, Заречный кентін су басу қаупі төніп тұр", – деді Ғауез Нұрмұхамбет.

Әкім бұл күндері тәулік бойы бөгеттерді салу және нығайту жүргізілгенін атап өтті. Ауыз суды үздіксіз жеткізу үшін сорғы станциясының айналасындағы дамба нығайтылды.

Елді мекендерді қорғау бойынша бұрын-соңды болмаған шешімдер қабылданды. Алайда бұл жеткіліксіз болуы мүмкін екенін қосты аймақ басшысы.

"Петропавлға қарай үлкен су ағыны келе жатыр. Тағы да қайталап айтамын, үлкен! Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Васильевич Склярдың тапсырмасы бойынша үйлері су басу аймағында орналасқан Заречный кентінің тұрғындарын эвакуациялап жатырмыз. Тұрғындардан түсіністікпен қарауды және су тасқыны кезеңіндегі талаптарға бей-жай болмауды сұраймын.

Төтенше жағдайлар департаментінің, полиция мен қала әкімдігінің талаптарын мінсіз орындау қажет. Бұл саяжай тұрғындарына да қатысты. Менің тапсырмам бойынша Петропавл әкімі атқарылып жатқан жұмыстар мен халықты эвакуациялау қажет екені жөнінде бірнеше рет сөз сөйледі", – деп толықтырды СҚО әкімі.

Азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында деп қосты ол.

Ғауез Нұрмұхамбет үндеуде мемлекет қажет көмек пен қолдау көрсететінін, сондай-ақ өтемақы көзделгенін еске салды.

"Биылғы су тасқыны бәріміз үшін үлкен сынақ болып отыр. Бірліктің арқасында біз барлық қиындықты жеңеміз. Қазір үлкен сумен күреске үш мыңнан астам адам жұмылдырылды. Олар – мердігер ұйымдар, құрылыс компаниялары, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, құтқарушылар, коммуналдық қызметтер, полицейлер, еріктілер және біздің қала мен аудандардың қарапайым тұрғындары. Көмекке басқа аймақтардан құтқару қызметтері, ұлттық ұлан мен қорғаныс министрлігінің қызметкерлері келді. Мен осы қиын кезеңдегі көмегі үшін барлығына ризамын. Адами тұрғыда алғыс айтамын. 

Алда үлкен сынақ күтіп тұр. Ең бастысы – сабырлы болу және бір-бірімізге көмектесу. Су тасқыны ауқымын елемеуге болмайды. Жақындарыңызды ойлаңыз. Егер сіздің үйіңіз немесе саяжайыңыз су басу аймағында болса, қауіпсіз жерге көшіңіз. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сақ болыңыз. Біз бәріміз жақсыдан үміттіміз, бірақ ең нашар жағдайға дайын болуымыз керек. Тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тасқынының салдарын барынша азайту үшін бар күшімізді саламыз. Барлығымызға шыдам пен сәттілік тілейміз", – деді Ғауез Нұрмұхамбет.

Бұған дейін орталық коммуникациялар қызметіндегі республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев Сергеев су қоймасындағы су деңгейі төмендеп келе жатқанын мәлімдеді. 

Талқылау