Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

50 миллион бопсалаған: Петропавлда блогерлерге қатысты ақтау үкімі күшін жойды

Петропавлда кәсіпкерден ақша бопсалады деп айыпталған блогерлердің ісі қайтадан сотқа жіберілді. Мұндай шешімді прокурор мен жәбірленуші тараптың апелляциялық шағымын қараған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ішкі істер министрлігі

Бұған дейін петропавлдық қос блогер Сергей Сайко мен Роберт Подласов бірнеше жыл бұрын YouTube және Instagram әлеуметтік желісінде аккаунт ашып, қаладағы супермаркеттерде тексеріс ұйымдастырған. Олар бүлінген тауарларды жариялап, осылайша тұтынушылардың құқығын қорғамақ болған-мыс. Осылайша блогерлер "Таткрафт-Инвест" ЖШС директоры Андрей Исаковпен кездесіп, осындай жазбаларды жарияламау үшін одан ақша сұраған. Сөйтіп олар кәсіпкерден ай сайын 200 мың теңге көлемінде қаржы алып отырған.

Дәл осындай жолмен Роберт Подласов пен Сергей Сайко Magnum Cash&Carry сауда желісінің өңірлік басшылығынан да ақша бопсалаған. Олар өз әрекеттерін тоқтату үшін кәсіпкерден 50 млн теңге беруін талап еткен. Ал бизнесмен бұл туралы полицияға хабарлапты. Сөйтіп, былтыр күз айында блогерлер ұсталып, оларға Қылмыстық кодекстің 194-бабы "Қорқытып алу" 2-бөлігі, 2-тармағы және 194-баптың 4-бөлігі бойынша айып тағылды. Сот алқабилердің қатысуымен өтті.

Ал биыл тамыз айының басында кәсіпкерден ақша бопсалады деп айыпталған блогерлер ақталып, бостандыққа шықты. Алқабилер соты шығарған мұндай шешімге  келіспеген прокурор мен жәбірленуші тараптың қорғаушысы бірден апелляциялық шағым түсірді. Істі қараған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымды қанағаттандырды.

"Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 7 тамыз күні Сергей Сайко мен Роберт Подласовқа қатысты шығарған шешімінің күші жойылсын. Қылмыстық іс алдын ала тыңдау сатысынан бастап сотқа қайтадан жіберілсін. Жаңа сот отырыстары өзге құрамда өтеді. Прокурордың апелляциялық өтініш хаты, жәбірленуші тараптың апелляциялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын. Апелляциялық қаулы жарияланған сәттен бастап, яғни 2024 жылдың 10 қазанынан бастап заңды күшіне енеді", – деді Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербар Қалиев.



Кейін облыстық соттың судьясы отырысқа қатысушыларға мұндай шешімнің неліктен шығарылғанын түсіндірді. Оның айтуынша, алқабилердің бірі айыпталушы Сергей Сайконың әкесімен бірге жұмыс істеген. Бұл туралы ол ескерту керек еді. Сондай-ақ алқабилердің тағы бірінің анасы бұрын істі болған екен.

Айта кетейік, осыған дейін Солтүстік Қазақстанда дүкен иесін өлтіріп, қарақшылық жасаған қос азаматтың ісі де қайтадан сотқа жіберілді. Онда да бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспеген жәбірленуші тарап пен прокурорлар шағым түсірген.

Еске салайық, бұған дейін Петропавлда Magnum Cash & Carry сауда желісінің басшылығынан ақша бопсалағандарға қатысты сот процесі басталғанын жаздық. Қос блогер кәсіпкерден 50 миллион теңге беруін талап еткен. Сауда желісінің өңірлік директоры бұл туралы полицияға хабарлаған. Сөйтіп қос тарап 2023 жылдың қараша айының 16-сы С.Мұқанов көшесі бойындағы "Семейный" сауда орталығында кездеседі. Сол кезде кәсіпкер Сергей Сайко мен Роберт Подласовқа 25 миллион теңге ұстатқан.

Талқылау