Петропавлда тұрғындар 3 жылдан бері сатып алған пәтеріне кіре алмай жүр
Фото: Видеодан скрин
Петропавлда жүзден астам үлескер үш жылдан бері 100% қаржысын төлеген пәтерінің кілтін ала алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
155 пәтерлік екі ғимараттың құрылысы 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Бірақ 2022 жылдың қарашасында, жобаның бастапқы мерзімінен бір ай бұрын мердігер ақшаның таусылғанын және қосымша қаржыландыру қажет екенін хабарлаған. Ол кезде жұмыс 67% орындалған. Алайда құрылыс компаниясы үлескерлерге түсіндіргендей, сол кезде нысанның 92% құны төленіп қойған екен. Осыдан кейін мердігер мен тапсырыс беруші ортақ шешімге келе алмай, ұзаққа созылған сот процестері басталған. Осы уақыт бойы үлескерлер төзімділік танытып, нәтижені күтіп жүрген. Дегенмен көп жыл бойы күтуден жалыққан тұрғындар жауап алу үшін тапсырыс беруші компанияның кеңсесіне барған.
“Біз 100% төледік. Олардың немқұрайлығы, құжаттарға қол қоюы, бұл жұмысты қабылдауы бізді алаңдатпауы керек. Бір шаршы метрдің құны әркім үшін әртүрлі. Құны 360 мың теңгеден түседі. 2021 жылы бұл баға нарықтан жоғары болды. Енді әзірлеуші бізге ақшасы таусылғандықтан, қосымша қаражат жинау керек екенін хабарлады”, – дейді тұрғын Иван Волков.
Тағы бір тұрғын зейнеткер екенін, екі жылдан бері жолдасымен жалдамалы пәтерде тұрып келе жатқанын айтты.
“Жолдасым екеуміз 2023 жылы жалғыз үйімізді сатып жалдамалы пәтерде тұрып келеміз. Екеуміз де зейнеткерміз. Автотұрақ пен пәтер ақысын да толық төледік. Ол 22 миллион теңге болды. Енді міне нәтижесінде жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Екі жыл ішінде жалдамалы пәтер үшін үш миллионнан астам ақша төледік. Мен 67 жастамын. Тым болмаса тірі кезімде өз пәтерімде тұрғым келеді”, – дейді тұрғын Роза Мұқышева.
Қала тұрғындары құрылысты жеделдету үшін прокуратурадан бірнеше рет көмек сұраған. Алайда ешбірі жәрдем беруге асықпаған.
“Біз прокуратураға хабарластық. Трикачевтің қабылдауында болдық, ресми хатымыз бар. Біздің құрылыс салушы мен мердігер сотта болғандықтан, іс қараудан бас тартылды. Қала прокурорының орынбасарына да бардық. Барлық жер бұл істі қараудан бас тартты. Бәрі мұның азаматтық-құқықтық қатынас екенін айтады”, – дейді тұрғын Ольга Волкова.
Қала тұрғындарының айтуынша, қазір пәтерде құрылыс жүріп жатыр. Дегенмен өте баяу.
Құрылыс компаниясының директоры Владимир Богдановтың айтуынша, қазір жұмыс кәсіпорын қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. Бірақ ол қаржы таусылуға жақын.
“Бар үміт — 700 миллион теңгеде. Ол бұрынғы мердігерге артық төленген қаржы. Оны сот арқылы өндіріп алуға тырысып жатырмыз. Осы қаржыға құрылысты аяқтаймыз. Алайда қалалық және облыстық соттарда жеңіліп қалдық. Енді бар үміт Жоғарғы сотта”, – дейді Богданов.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда үш тұрғын үй құрылысының үлескерлер ақшасын жымқырғандарға үкім шыққаны туралы жазған едік.

"Омыртқасы сынып, мүгедек болып қалды": Қытайда жүк тасушы компания қазақстандықтың биіктен құлауына себепкер болған
