Петропавлда ірі өрт салдарынан төтенше жағдай режимі енгізілмек
Петропавлдағы Береке шағын ауданындағы алапат өрт салдарынан тоғыз үй толығымен жанып кеткен. Қырықтан астам адам эвакуацияланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik.kz сілтеме жасап хабарлайды.

Тілсіз жаудың зардабына байланысты Петропавлда Төтенше жағдай режимі енгізілмек. Естеріңізге сала кетейік, мамырдың 7-сінде кешкі жетілерде қамыс тұтанған, қатты желдің екпінімен өрт маңдағы үйлерге ұласып кеткен. Қырықтан астам адам дереу эвакуацияланған. Жергілікті билік жақын жердегі мектепте эвакуацияланғандарды орналастырып, оларға ыстық тамақ, медициналық және психологиялық көмек ұйымдастырған.
"Сол күні ТЖ бойынша комиссия жасақталып, өрт салдарынан тоғыз үйдің күлі көкке ұшып, екі үйді өрт жартылай жалмағаны анықталды", - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Оның айтуынша, мамырдың 8-де нормативті-құқықтық актілердің ашық сайтында қала аумағында ТЖ режимін енгізу туралы құжаттың жобасы жарияланған.
"Қазіргі уақытта онлайн талқылау жүріп жатыр. Аяқталысымен құжат тіркеу үшін әділет органдарына жіберіледі. Содан кейін ғана ТЖ режимі енгізіледі. Нәтижесінде зардап шеккен отбасыларға заң аясында материалдық көмек көрсете аламыз. ТЖ режімі енгізілген сәттен бастап тәуелсіз сарапшылардың жұмысы басталады. Олар әр отбасының шығынын есептейді, сосын барып өтемақы толығымен төленеді", - деп түсіндірді Эльмира Сәдуақасова.
Сондай-ақ үйлері жанып кеткен азаматтарға құжаттарын қалыпқа келтірген соң, 100 АЕК (345 000 теңге) көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Зардап шеккендердің басым көпшілігінің барлық құжаты өртеніп кеткен. Енді оларды шұғыл түрде қалпына келтіру үшін әкімдік тарапы көмектесуде.
"Қазіргі уақытта жеті отбасы жалдамалы пәтерлерге орналастырылды. Олардың ақысын демеушілер төлейді. Баспананы нарықтағы орташа бағаға қарай таңдап жатырмыз. Ал төрт отбасы оларға ұсынылған пәтерлерде тұрудан бас тартты. Олар жалдау құны айтарлықтай қымбаттауына көшкісі келеді. Қазір пәтер іздестіріліп жатыр. Сондай-ақ отбасының құрамы да қаперде болады. Егер үйде оқушылар болса, онда мектеп маңайынан қарастырамыз. Ал эвакуациялық пунктті оқу басталғандықтан, жауып тастадық. Зардап шеккен төрт отбасы әзірге туыстарының үйлерінде. Бірақ бүгін олардың мәселесі шешіледі деген сенімдеміз", - деп қосты қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы.
Жалдамалы пәтерлерге орналастырылған отбасылар азық-түлікпен, жеке бас гигиенеасына қажетті заттармен және дәрі-дірмекпен қамтамасыз етілген.
Қалалық мәдениет үйінің базасында Петропавл бойынша гуманитарлық көмек жинау жұмыстары жалғасуда. Зардап шеккендерге көмектескісі келетін азаматтар киім-кешек, азық-түлік алып келуде. Жергілікті кәсіпкерлер де қол ұшын созған. Өрттің себебі анықталуда.
Төтенше жағдай департаментіндегілер өртпен алты сағат бойы алысқан. Оттың ерекше жоғары температурасы мен толастамаған жел екпіні өрт сөндірушілердің жұмысын қиындата түскен. Оның үстіне ауыр өрт сөндіру техникасы сазды, балшықты жерлерден өте алмаған.
"Облыста да жағдай ушыға түсті. Әр тұстан өрт шықты деген хабарламалар келіп жатқандықтан, құтқарушылар бригадасы бірінен соң бірі от ошағына аттанып жатты. Басты себеп – өрт қауіпсіздігін өрескел бұзу, қауіпті аймақта от жағу, ауыл шаруашылығына арналған алқаптардағы қураған шөптерді өртеу", - деп атап өтті Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.
Ал зардап шеккен тұрғындарының пікірі мүлдем бөлек. Олардың айтуынша, алапат өртке коммуналдық қызметтің кесірі тиген. Себебі жергілікті азаматтар талай мәрте үйлерінің іргесіндегі қамыстың қалың жынысын жұлып тастауды өтінген. Бірақ құлақ асқан жан болмапты. Мұндағы қамыс жылда өртенеді екен. Былтыр қамыстың ортасындағы айып тұрағындағы он автокөліктің күлі көкке ұшқан. Сол кезде 15 гектардан астам алқап отқа оранып, іргедегі мұнай базасының жанып кету қаупі болған. Абырой болғанда өрт сөндірушілер дер кезінде тілсіз жауды ауыздықтап үлгерген.
Биылғы көтемдегі қамыс өрті осымен үшінші рет тіркелген. Бұған дейін өрт сөндірушілер үйлердің жанып кетпеуін болдырмаса, осы жолғы ыстық ауа райы мен екпінді желдің кесірі сан соқтырған.
Тұрғындардың айтуынша, қамысты өздері-ақ отап тастар еді, бірақ оған арнайы техника керек. Құр қол мен орақтың қауқары жетпейді. Қамыстың қаупі жайлы дабыл қағылғанымен, еш қарекет болмаған.