Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда бір ғасыр бұрын бой көтерген үйді паналап келген тұрғындар қоныс тойын тойлауда

Баспана кезегінде тым ұзақ тұрған жұрт жаңа пәтер алсақ деген армандарын ұмыта бастаған еді. Ал жаңа баспана алуына бір қызық жағдай себеп болған, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Жұмысшылар екі қабатты ескі үйдің маңында жылу құбырларын салуға кіріскенде, онсыз да құлаудың алдында тұрған нысанның қабырғалары опырыла бастапты. Мұны көрген шенеуніктер ешкім мертікпей тұрғанда жұртты қауіпсіз жерге көшіруді жөн санаған.

Беловтар әулеті құлауға жақын тұрған ескі үйлерінен көшіп жатқандарына әлі де сене алар емес. Мұнда 40 жыл тұрған отбасы, әсіресе, соңғы 15 жылда үй үстімізге құлап кете ме деген үреймен өмір сүріпті. Айтуларынша, екі қабатты ағаш ғимарат бұған дейін шіркеу болған. Ал атқамінерлерге тозығы жеткен баспанадан кетіп, көшені паналаймыз деген жандар енді оларды бұлай қорқытқандарына еш өкінбейді.

“Бастапқыда бізге уақытша пәтер береміз деп уәде етті. Бірақ одан бас тарттық. Кейін тұрақты баспана ұсынды. Қуанышымызда шек жоқ”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Наталья Белова.

Бір ғасыр бұрын бой көтерген үйдің құлауына осы маңайда басталған жылу құбырларының құрылысы себеп болған. Алайда, мәселенің дәл мұндай жолмен шешіле кететінін ешкім де күтпепті. Қабырғаларының опырылғанын көрген жұрт бастапқыда қауіпсіздіктері үшін алаңдағанын жасырмайды. Бірақ көп кешікпей мұның өздері үшін жақсы мүмкіндік екенін түсінген екен.

“Әрине қорқып жүрдік. Ол үйдің қабырғасы өртенді, құлады, не көрмеді десеңізші. Жақында эксковатор ұрып, пәтерімнің қабырғасы опырылып түсті”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Хасима Хамидулина.

Ескі үйде 20 адам тұрған. 6 отбасыға екінші деңгейлі баспана берді. Жұрт бұған да дән риза. Қанша дегенмен, жағдайы жасалған ғой. Десе де, Хамитовтар бұл қуанышқа сәл кешігіп жететін болды. 5 адамнан тұратын отбасы екі бөлмелі тар үйге көшуден бас тартыпты. Оның құнымен тең 9 миллион теңгеге үш бөлмелі баспана тапқан олар ескі үйіміз бүгін-ертең құлайды деп отыр.

“Міне, мына таяқты сұқсам, жартысы ішке кіреді. Әбден тозып, құлайын деп тұр. Бұған қоса, құрылыс жүріп жатыр. Үйдің іргетасы да әрең шыдап тұр”, – дейді  Петропавл қаласының тұрғыны Талғат Жүсіпов.

Қоныс тойын өткізген тұрғындар енді жаңа пәтерлерін жабдықтаумен әуре. Ал дәл осындай ескі үйді паналаған көршілері болса, қызыға қараудан басқа амалдары жоқ.


Жіберіп алмаңыз:

Алматыда бензиннің 10 күндік қана қоры қалды

Алматылықтар үй ішінде қолшатыр ұстауға мәжбүр

Алматы облысында ұшақ апатынан қаза тапқан дәрігер мемлекеттік марапатқа ұсынылуы мүмкін

Қазақ қызы Жапонияның үздік студенті атанды

Талқылау