Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда әйелдің ішкиімін киіп, балаларын ұрған ер адам ата-ана құқығынан айырылды

Әйелдер іш киімін киіп алған қатыгез ер адам ата-ана құқығынан айырылды

Фото: “НеМолчи.kz”

Петропавлда туған балаларына күн көрсетпей, әйелін қатыгездікпен ұрып-соғып, жүре алмайтын деңгейге дейін жеткізген ер адам ата-ана құқығынан айырылды. Сот шешіміне сәйкес, ол енді өз балаларына жақындай алмайды. Іс барысында балалардың анасына қатысты да осындай шара қолданылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр күзде көпбалалы ана күйеуінен көрген қорлығын айтып, өзіне және бес баласына көмек сұраған. Әйелдің айтуынша, кейінгі бес жыл бойы зорлық-зомбылық көріп, соққы салдарынан денсаулығына айтарлықтай зиян келген. Осы жағдайдан кейін ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалып, ол бес тәулікке қамауға алынған.

Кейін қаладағы білім бөлімі ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарағанын анықтап, істі сотқа жолдады. Облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сот үш ай бойы материалдарды қарап, балаларды ата-анасынан бөлек орналастыру туралы шешім шығарды. Тергеу барысында ананың да балаларды қараусыз қалдырғаны белгілі болған.

“Біз бұл іс бойынша барлық мән-жайды анықтап алған соң сотқа шағым түсірдік. Яғни, кәмелетке толмағандар жөніндегі сотқа әкесін де, анасын да бала құқығынан айыру ұсынылды. Сот біздің арызымызды қанағаттандырды”, – деді Петропавл қаласы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Сабина Баскенова. 

Қазір бес бала балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Мамандар олардың жағдайы тұрақты, көңіл-күйі жақсы екенін айтты.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оны апелляциялық тәртіппен қайта қарауға құқылы.

Айта кетейік, бұған дейін Петропавлда балаларын ұрып, әйелін жүре алмайтын деңгейге жеткізген ер адам ұсталғаны хабарланған еді. 

Көпбалалы ана бірнеше жыл бойы күйеуінің жүйелі зорлық-зомбылығына ұшырап келген. Ақпаратқа сәйкес, әйел ауыр соққылардан кейін бірнеше ота жасап, кейін мүгедек болып қалған. Әйел жүріп-тұра алмайтындықтан және тұрақты күтімді қажет ететіндіктен, анасымен бірге тұрды. Ал бес баласы әкесінің қарауында болған, олардың жағдайына қатысты алаңдаушылық туған. Полиция мен қамқоршылық органдары тексеру жүргізіп, әйелдің арызы негізінде ер адам уақытша қамауға алынып, балалар уақытша қауіпсіз жерге орналастырылған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 10:10