Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перизат Қайрат сотта Biz Birgemiz қорына Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің қатысы бар екенін мәлімдеді

Бауыржан Байбек, Перизат ҚайратФото: коллаж

Астанада өтіп жатқан сотта Перизат Қайрат жәбірленушілерден жауап алынар алдында қордың тоғыз құрылтайшысының қолын қолдан жасады деген айыпқа түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Перизат Қайрат сотта Nur Otan партиясы (қазіргі Amanat) төрағасының бұрынғы орынбасары Бауыржан Байбектің Biz Birgemiz Qazaqstan қорына қатысы бар екенін айтты.

"Оны (қорды – ред.) анаммен бірлесіп құрып, қолдарды қолдан жасағаным айтылды. Алайда қор партияда Бауыржан Байбектің жетекшілігімен құрылды. Менен басқа құрылтайшылардың барлығы – партияның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері", – деді сотта Перизат Қайрат.

Ол қоғамдық бірлестіктің барлық құрылтайшысын жауап алуға шақыруды ұсынды.

Еске салсақ, 14 шілде күні Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат ісі бойынша басты сот процесі басталды. Прокурор айыптау актісінде Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны қайда жұмсағанын оқып берді.

Перизат Қайрат тағылған алаяқтық және ақша жымқыру айыптарын мойындамай, тергеу мен айыптауды "прокурорлардың қиялы" деп атады. Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға Қылмыстық кодекстің "Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық", "Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру", "Аса ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру"баптарымен айып тағылған.

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 14:56
Талқылау