Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пенжімдегі жаппай төбелес: Зардап шеккен оқушы жансақтау бөлімінен шықты

Алматы облысы Панфилов ауданының Пенжім ауылында оқушылардың жаппай төбелесінен зардап шеккен бала жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

пенжим

"2005 жылы туған науқас жансақтау бөлімінен травматология бөлімшесіне ауыстырылды. Ал 1967 жылы туған науқас хирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Қазіргі таңда екі науқастың да жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауырлықта деп бағалап отыр. Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде", - деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ресми өкілі Ләйлім Әубәкірова.

Еске сала кетейік, 27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектеп ауласында жаппай төбелес орын алған. Полицияның мәліметінше, мектеп ауласына 30-ға жуық адам жиналып, жанжал шығарған.  



Әлеуметтік желілер қолданушылары арасында төбелес түсірілген суреттер мен видеолар тарап кеткен. Бейнежазбадан жасөспірімдердің тобын, қираған автокөліктер мен ғимараттың сынған терезесін аңғаруға болады.

Ауылдағы үйлердің материалдық шығындары есептеліп жатыр. Қазірдің өзінде 30-дан астам үйдің терезелері толықтай қалпына келтірілген.

"Бір топ адам жасаған бұзақылық" және "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" деген екі бап бойынша іс қозғалды. Кінәлілер сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір Пенжімде патрульдік жасақтар кезекшілікті жалғастыруда. Олар тұрғындардың тәртібі мен қауіпсіздігін қадағалайды.

Талқылау