2025 жылдың қазан айында Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 35 жастағы ер адамға қатысты істі қарады. Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында ер адам 22 жастағы қызбен бірге пәтерде болған. Екеуі алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін ер адам қызға интимдік қатынасқа түсуді ұсынған. Қыз бас тартқан соң, қызды күштеп, жақындыққа мәжбүрлеген.
Іс бойынша барлық мән-жай сотта жан-жақты зерттеліп, қазан айында ер адамға үкім шықты.
“Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес, бірнеше қылмыс бойынша жеңілірек жаза қатаң жазаға қосылып, сотталушыға 5 жыл 2 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – деді судья Өрнек Әбжапаров үкім оқып.
Алайда сот барысында жәбірленуші бұрынғы жауабын өзгертіп, интимдік қатынас өзара келісіммен болғанын айтты. Соған қарамастан, іс бойынша жиналған дәлелдер зорлау фактісін растады.
Жалған айғақ беру қылмыс болып саналатындықтан, қызға қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалды. Ол өз жауабын сотталушының достары мен туыстары қорқытқаннан кейін өзгерткенін айтқан.
Нәтижесінде сот оны кінәлі деп танып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
