Қазақстандық ер адам жарасын тегін емдету үшін әдейі түрмеге түскен
Фото: Vita іздеу отряды
Павлодарлық Ренат Ганиев төрт жыл бұрын пышақ жарақатын алған. Ота жасатып, ауруханада сегіз ай ем алып шыққанымен жараның орны біте қоймайды. Сол кезде үнемі суланып, сыздап тұратын жараны тегін емдету үшін темір торға қамалуды ойлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тегін медициналық көмек алу үшін Ренат Ганиев бөтен көліктің аккумуляторын шешіп алып, полицияға хабар береді. Ол, ең болмағанда, темір тордың ар жағында отырғанда сотталған ретінде ота жасалып, пышақ жарақатынан кейін пайда болған жыланкөзді тегін тігіп береді деп үміттенген, бірақ онысынан ештеңе шыға қоймапты.
Ренаттың сегіз жасында анасы әкесін пышақтап өлтіріп қойған соң жас бала балалар үйіне қабылданады. Әкесі оқиға орнында қайтыс болып кетеді де, анасы қамауға алынып, көп ұзамай түрмеде көз жұмады. Интернатта Ренатты тұрғын үй кезегіне қоюға тиіс болған, бірақ белгісіз себептермен тізімге ілікпей қалған. Дегенмен жүк тиегіш машинист мамандығын алып, еңбекке араласа бастайды. Ел қатарлы өмір сүріп жүргенде 2021 жылғы 7 маусымда пышақ жарақатын алады. Сол түні ол мас күйде кеуде қуысының пышақ жарақаты, сол жақ білегінің тілінген жарасы диагнозымен ауруханаға жеткізіледі. Өзі абайсызда қалтадан түсіп кеткен пышаққа сүрініп құлап, жараландым деп, полицияға арыз жазудан бас тартады. Дегенмен жарақаты ауыр болады – асқазан мен ұйқы безі зақымданып, көп қан жоғалтқан. Хирургтер қолдан келгенін жасап, асқазан мен ұйқы безі жарасы орнына дренаж орнатып береді.
Ренаттың айтуынша, жараны тіккен жерде жыланкөз пайда болғандықтан, операциядан кейін ауруханада сегіз ай жатқан. Дәрігерлер асқазанына гастростома қойып береді, бірақ одан жара жазыла қоймайды. Сөйтіп, ішіндегі тесігімен үйіне шығады. Кейінірек түтік түсіп қалып, жараның орнынан сұйықтық бөліне берген соң Ренат қайта ауруханаға барады. Бірақ дәрігерлер оны қараудан бас тартады. Операциядан кейін Ренат жұмыс істей алмағандықтан, МӘМС жарналары төленбеген. Бұл өмірге қауіп төндіретін жағдай саналмағандықтан, медициналық сақтандыруы жоқ науқасқа дәрігерлер ешқандай ем-дом жасамайды.
"Әлі есімде, дәрігерлерден "Енді не істеймін?" деп сұрадым. Жара жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді, ал жұмыссыз МӘМС жарнасын төлей алмаймын. Олар маған: "Онда жат та, өле қал" деді", – деп деп еске алады Ренат сол кезді.
Ренат ауруханадан шығып, бірінші кездескен аулада бөтен көліктің аккумуляторын шығарып алып, полицияға хабарлайды.
"Не істерімді білмедім. Жалға алған бөлменің де ақысын төлей алмадым, жара жазылмады, дәрігерлер мені қуып шықты десем болады. Осылайша түрмеге түсу – жалғыз жол болар деп ойладым. Өзім полиция шақырдым. Дабыл ойнасын деп жанындағы көліктің дөңгелегін де теуіп жібердім, – дейді Ренат.
Оны полицейлер оқиға орнында ұстап, қамауға алады. Бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырады.
"Сотталған ретінде емдеп береді деп үміттендім. Мемлекет сотталғандарды күтіп-бағуға және емдеуге ақша бөледі ғой. Мені күзетпен ауруханаға жеткізгенімен, ешқандай көмек көрсетпеді", – дейді ол.
Жақында Ренат бостандыққа шықты. Жатахқанадан бөлме беріледі деген соң көрші Семейге барып, шағын бөлме алып, жұмысқа кірісіп кетеді. Жергілікті емханаға тіркеліп, жалақысынан МӘМС жарнасын төлеп, емделемін деген үміті де болады. Бірақ жұмыс істеуге екі апта ғана шамасы жетеді. Жыланкөзден шығатын сұйықтық көлемі артып, қатты қабынып, ауырсыну пайда болады. Мұндай науқас жұмысшы ешкімге қажет бола қоймайды. Ренат Павлодарға қайта оралып, Железинкада тұратын бауырын паналайды. Алайда оның да үйі болмағандықтан, Ренат ұзақ тұра алмайды. Қазір ол Ертісте күнделікті табыспен күн көріп жүр. Тапқан-таянғаны тамақ пен бір реттік жөргектен артылмайды. Жарадан бөлінетін сұйықтық киімін былғамас үшін жөргек пайдаланады. Оның өзін үнемдеу үшін екіге, тіпті үшке бөліп кесіп пайдаланады.
Бірнеше жылдан бері емделе алмай жүрген Ренаттың денсаулығы күннен-күнге нашарлап барады. Жыланкөз айналасы қабынып, жара орны мен азқазаны ауырады, ал жуырда аяқтарында дақтар пайда болған.
Ауыру шыдатпаған соң Ренатты жедел жәрдеммен Ертіс аудандық орталық ауруханасына жеткізген. Бірақ ол жерде де МӘМС болмағандықтан, емделе алмаған. Дәрігерлердің түсіндіруінше, Ренатқа жоспарлы ота жасалуы керек, алайда сақтандыру жарнасы жоқ болған соң, ол мұндай отаны 1 миллион теңгеден астам қаражат төлеп жасатуы керек. Ал Ренат мұндай ақшаны ешқашан қолына ұстап та көрмеген. Осыдан кейін ол павлодарлық еріктілерге көмек сұрап жүгінген. Қоғам белсенділері желіде Ренат Ганиевтің жағдайын көрсетіп, мемлекеттік органдардан әрекет етуді талап еткеннен кейін, аудандық дәрігерлер Ренатқа және Железинкадағы ағасына хабарласқан.
– Ренаттың тұрақты тұрғылықты жері жоқ. Железинка дәрігерлері: "Науқас біздің аумақта тұрмайды, ағасына уақытша келген" дейді. Сол себепті көмек көрсете алмаймыз деп отыр. Оны тіркелген емханаға баруға кеңес берді, ал ол Семей қаласындағы емханаға тіркелген. Ол жақта да оны қабылдамасы анық. Ешкім көмектескісі келмейді, бір-біріне сілтеп қана отыр, – дейді павлодарлық Vita іздеу отрядының жетекшісі Екатерина Кудрявцева.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
