Павлодарлық қария 10 жыл жинаған ақшасын мүгедектігі бар балаларға көмектесуге берді
Фото: Видеодан скриншот
Павлодарлық 93 жастағы қария 10 жыл жинаған ақшасын қайырымдылыққа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақсақал Павлодардағы қарттар үйінде тұрады. Сағадат Жұмабаев 3,6 миллион теңге қаражатты он жыл бойы жинап келіпті. Ол осы уақытқа дейін жинаған қаржысын мүгедектігі бар балаларға көмектесуге берді.
Сөзінше, қария сонша уақыт ақшаны қажылыққа бару үшін жинаған. Кейінгі уақытта денсаулығы жиі сыр беруіне әрі жасының үлкендігіне байланысты ұзақ сапардан бас тартуына тура келген.
"Меккеге барамын деп ұзақ жылдар зейнетақымнан жырып, ақша жинадым. 2022 жылы шетелге шығу үшін төлқұжат алдым. Өкінішке қарай, сол жылы қажылыққа баратындардың жасы 65-тен аспауы керек деген талап қойылып, мені туроператорлар алмады. Одан соң денсаулығым сыр беріп, жүріп-тұруым ауырлай бастағанын сездім. Оның үстіне таныс адамдар ол жаққа бару үшін жаныма адам ертіп жүруім керегін айтты. Ақыр-соңы қасиетті сапардан бас тартуыма тура келді", – деді Сағадат Жұмабаев.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
