Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 миллиард теңгеге жарық желілері тартылған

қаражатФото: istockphoto.com

Жоғары аудиторлық палата (әрі қарай ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов Павлодарда бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру барысында елеулі заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындыларын баяндады.

"Құнын дұрыс есептемеу салдарынан тек бір жоба бойынша 20 млрд теңге немесе қарыз сомасының 16%-ы игерілмей, күші жойылған", – деп мысал келтірді ЖАП басшысы.

Оның айтуынша, аудит барысында мемлекеттік қолдау алу кезеңінде кәсіпорын иелеріне дивиденд төлеу фактілері де анықталған. Кей жағдайларда төленген дивиденд көлемі алынған мемлекеттік қолдаудан да асып кеткен. Сонымен қатар бизнеске жүктелетін қарсы міндеттемелер әрдайым белгілене бермегені де белгілі болды.

ЖАП жүргізген тексеріс міндеттемелерге формалды түрде қарау фактілерін де анықтады.

"Мәселен, құны 37 млрд теңге болатын бір жобаны қолдау кезінде салық түсімдерінің өсуінен бөлек, жұмысшылар санын бар-жоғы бір адамға арттыру талап етілген. Ал Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартылған", – деді Смайылов.

ЖАП төрағасы мониторингтің көп жағдайда қолмен жүргізілетінін де атап өтті.

"Бұл қарсы міндеттемелердің орындалуы жөніндегі деректермен айла-шарғы жасауға мүмкіндік береді. Көптеген операторлардың қызметінде айыппұл санкцияларын қолдануда субъективті тәсіл басым", – деді ол.

Сондай-ақ Смайылов әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысына жеке тоқталды. Оның айтуынша, ӘКК-лердің нақты мақсаттары, бірыңғай даму бағдарлары мен түсінікті даму моделі айқындалмаған. Ал олардың бизнесті қолдауға қатысуы негізінен жеңілдетілген несиелеумен шектеліп отыр. Қаржы ұйымдары болып саналмаса да, ӘКК-лер уәкілетті агенттіктің бақылауынан тыс қалған.

Баяндамашы айтарлықтай мемлекеттік активтерге ие әрі тұрақты қолдау алып отырғанына қарамастан, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың басым бөлігі шығынға батқан күйде қалып отырғанын айтты.

Әлихан Смайылов бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы және пайдалануы бойынша деректерді келтірді. 

"Жалпы, 133 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы және пайдалануы, 132 млрд теңгеге қаржылық есептің бұрмаланғаны, 13 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды", - деді ол.

Айтуынша, 14 материал құқық қорғау органдарына жіберіледі. 

"Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 105 материал жолданды. Әрбір анықталған кемшілік бойынша нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді, олардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады", - деді ЖАП төрағасы.

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 24 Желтоқсан, 2025 13:51